Қостанайда Тобыл өзені жағасындағы Колёсные Ряды ауданы тұрғындары су басу қаупі бар аймақта тұрып жатыр. Бұл аумақ былтыр су астында қалған еді. Содан кейін әкімдік оларды көшіру жұмыстарын бастаған. Алайда көктем туса да, жұмыс әлі кешеуілдеп жатыр.
Мына біз тұрған - Қостанай қаласының іргесінде, ойпаңда орналасқан Колёсные Ряды ауданы. Былтыр топан судың астында біраз үй қалды. Жарамсыз деп танылған сондай баспаналарды қала әкімдігі сатып алып, орнын сүріп тастап жатыр. Алайда тұрғындар жұмыс толық аяқталып біткенше, тағы судың астында қаламыз ба деп қорқып отыр.
Азамат Тілеумурзин бұл үйді 3 жыл бұрын сатып алған. Ата-анасы қолында тұрады, екі баласы бар. Үлкен жанұя тұрмысқа ыңғайлы, бақшасы бар деп ауласы кең жер үйге көшкен. Алайда өткен жылы тірнектеп жинағаны бір күнде жоқ болды. Мемлекет көрсеткен қаржыға қалыпқа келтіргенімен, бұл жерде қала беру қауіпті. Көшейін десе, қолына қанша қаржат түсетінін білмейді.
Азамат Тілеумурзин, Колёсные Ряды ауданының тұрғыны:
Жер үй іздеп жатырмыз, бірақ бағасын білмеймін, не алатынымды, не іздейтінімді... Шамамен сол бағаға іздейміз ғой. Ал былай 22 млн берсе, мен не аламын сонда?! 6 адаммен қалай тұрамын онда? Әкім нарықтағы бағаға сай ақшасын береміз деген. Бірақ әлі хабар жоқ.
Ирина Асташова да осыны айтып алаңдайды. Бұл үйде 1966 жылдан бері тұрып келе жатыр. Мемлекет берген 4 млн теңге қаражатқа үйін жаз бойы қалыпқа келтірген.
Ирина Асташова, Колёсные Ряды ауданының тұрғыны:
Міне, қазірдің өзі наурыз айы болды. Ал біз тіпті үйімізді қаншаға бағалағанын да білмейміз. Бізге ешкім ештеңе демей отыр.
Қостанай қалалық әкімдігі былтыр шілде айынан бері 100-ден аса үйді сатып алды. Үй иелерінің қолына қаржат тиіп, көшіп үлгерген. Енді биыл 69 нысан қалды, оның 31-і бағаланды.
Бақтияр Жұмабеков, Қостанай қалалық әкімдігінің ЖҚБ басшысының орынбасары:
14 жобаның келісімшарты 11 наурыз күні жіберілді, 12-сін бүгін жібереміз деп жоспарлап отырмыз, қалған жер телімдері бойынша әлі нарыққа сай бағаланып жатыр. 20 наурызға дейін аяқтаймыз. Ал төлем сәуір айының соңына дейін түседі.
Ал 3 үйдің иесі баспанасын сатуға келісімдерін наурыз айының басында берген. Қазір төлем түскенін күтіп отыр.
Мәдина Нағашыбай
