АҚШ-тың пластикалық хирургтері тегін ота жасау үшін Қазақстанға келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-тың пластикалық хирургтері тегін ота жасау үшін Қазақстанға келеді

11.03.2025

АҚШ-тың пластикалық хирургтері тегін ота жасау үшін Қазақстанға арнайы келеді. Осы орайда Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени-іскерлік қауымдастығы Вашингтондағы Қазақстан елшілігінде балалардың емі үшін қайырымдылық шарасын өткізді. Қайырымды жандар қазақ, итальян, америкалық композиторлардың шығармалары орындалған концерттік шараны тамашалап, ұлттық зергерлік бұйымдар мен қолөнер туындыларының аукционына қатысты. Меншікті тілшіміз Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.

Қайырымдылық кеші осылайша скрипка мен фортепианода әуелеген қазақтың ұлттық күйлерімен басталды. Владимир Дё мен Сәуле Гарсияның орындауындағы шығармалар жиналған жұрттың құлақ құрышын қандырғандай. Мұндай кешті ұйымдастырудағы басты мақсат Қазақстанға баратын америкалық дәрігерлердің жол шығандарына қажет қаржыны жинау.

Анар Өмірзақ, Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени-іскерлік ассоциациясының бизнесті дамыту бағытының директоры:

Біз Америкадан ең жетік операция жасайтын маманды шақырамыз, ол бізге тегін жұмыс істейді. Бірақ біз осы қаражаттан алып, оның саяхатына, яғни оның билетіне, қонақ үйіне осы қаражаттарды жұмсаймыз. Сондықтан барлығымыз волонтермыз. Және де біздің келе жатқан докторымыз да волонтер. Өзінің уақытын, көп ақша табатын уақытын бөліп, бізге тегін еңбек етуге келе жатыр.

Қазақстанға жол жүретін дәрігердің бірі - Даррин Хуберт, пластикалық хирург. Алматыдағы №5 клиникалық ауруханаға тағы бір әріптесі және екі көмекшісімен барады. Он күн ішінде операция жасап, дәріс оқып тәжірибесімен бөліспек.

Даррин Хуберт, Пластикалық хирургия дәрігері:

Біз бас, бет, мойын аймақтарындағы дефектілер бойынша балалар мен жасөспірімдерге пластикалық операция жасаймыз. Шамамен жиырмаға жуық ота жасауды көздеп отырмыз. Қазақстанда бұрын болғанмын. АҚШ-та қазақстандық пациенттерім де болды. Клиникамызға қазақстандық дәрігерлер де тәжірибе алмасу үшін келген.

Қауымдастық осындай шаралар арқылы тек АҚШ қана емес, Канада және Мексикамен де ынтымақты тереңдете түспек ойда. Ал, денсаулық сақтау саласындағы әріптестік шетелге баруға шамасы жетпей отырған талай жанның тегін ем дом алу мүмкіндігін арттырмақ.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу