Батыс Қазақстан облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша грант алған тұрғындар қаражатты мақсатсыз пайдаланған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары құны 63 миллион теңге болатын 121 жобада заңсыздықты анықтады. Бұл заң бұзушылық соңғы 5 жылда аудандар мен облыс орталығындағы жұмыспен қамту орталықтарында тіркеліп отыр.
Атап айтқанда, бір тұрғын кәсіп ашамын деп, тігін машинасын, гравитациялық үтік, басқа да құралдарды сатып алу үшін 505 мың теңге мемлекеттік грант алған. Алайда қаражатты жеке қажеттілігіне жұмсаған.
Тағы бір кәсіпкер шағын кондитерлік цех ашамын деп, грант ақшасына пеш, тоңазытқыш, мұздатқыш және кілегей шайқағыш пен үстел сатып алған. Кейін шайқағышты сатып, қалған бұйымдарын ауыл тұрғындарына беріп жіберген.
Сондай-ақ былтыр бизнесті дамытуға грант алған 59 кәсіпкер әлі күнге дейін алынған бюджет қаражатының мақсатты пайдаланылуын растамаған.
Біржан Хайруллин, облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаменті превенция басқармасының басшысы:
Бұл, өкінішке қарай, жеке азаматтар тарапынан жіберіліп отырған қате. Ал мемлекеттік органдар мен қызметкерлер тарапынан тәуекел болған. Яғни қағидалар мен ережелердің нақты қалай тексерілетіндігі, әртүрлі ақпараттық жүйенің байланысы болмауынан туындаған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бір ай бұрын ескерту беріледі, сол уақытта грантты қайтарады. Қайтарылмаған жағдайда сотқа береді.
Ардақ Мұратқызы
