Жастар театрына – 10 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жастар театрына – 10 жыл

02.11.2017

Биыл Жастар театрының құрылғанына - 10 жыл. Ал, осы өнер ұжымының  көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Нұрқанат Жақыпбай 70 жасқа толып отыр. Қатар келген қос қуаныш қарсаңында театр ұжымы «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты мерейтойлық фестиваль өткізді.

Жастар театры Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен 2007 құрылған. Рухани орда өз шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаевтың «Шыңғысхан» спектаклімен ашып, өнер додасына ат қосты. Жас театрдың тұңғыш директоры қызметіне Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Ғани Құлжанов тағайындалды. Оның айтуынша, театрдың өнер өлкесін мойындатуына республиканың түкпір-түкпірін аралап, гастрольдік сапар жасауы үлкен серпін берді дейді.

Ғани Құлжанов, актер,  Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты:

- Әр фестиваль сайын біздің театр өзіндік қолтаңбасымен, ешкімге ұқсамайтындай қойылымдарымен жетістіктерге жетіп жүр. Мұның бәріне мұрындық болып отырған Нұрқанат Жақыпбай ағамыз. Өзіміздің театрды 10 жылдық мерейтойымен құттықтаймын. 

Республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде өзгелерден оза шауып, жүзден жүрік шығуы да Жастар театрының жұлдызын биік етті. Алғаш Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында өткен Халықаралық «Арт Ордо» театр фестивалінде Ш.Айтматовтың шығармалары негізінде жасалған «Жан азабы» спектаклі  үш бірдей аталымын жеңіп алды. Қоюшы режиссер – еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбайдың жетпіс жылдық мерейтойына Қырғызстаннан арнайы делегация келіп, Шыңғыс Айтматов атындағы мемлекеттік сыйлықты табыстады.

Нұрқанат Жақыпбай, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:  

- Айтматовпен мен адам болдым, оның шығармаларын қойдым, Айтматовтың шығармалары арқылы әлемді араладым. Шетелде, өз елімде, қырғыз жерінде бас жүлдені алдым. Ол менің үлкен арман еткен жазушым еді.

Театр жұмысын бастаған жылы  Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған Астана қалалық театрларының жыл қорытындысына сәйкес Гогольдің «Ревизоры» жоғары бағаланып, «Ең үздік спектакль» – Гран-При жүлдесіне лайық деп танылды. Жалпы, театр ұжымы құрылған 10 жыл ішінде халықаралық 8  байқаудың бас жүлдесін иеленді. Мұның өзі жалындаған жас актерлардың жұлдызды сәттерінің ашылуына жол ашты.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу