Алматыда «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» атты жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда «Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы» атты жиын өтті

30.10.2017

 

 

«Рухани жаңғыру: тұлғалар тағылымы». Осындай атаумен Алматыда белгілі отандық әрі шетелдік ғалымдар мен зиялы қауым бас қосып, тұтқалы жиын өткізді.

 

Түркі академиясы халықаралық ұйымы ұйымдастырған шарада Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы міндеттерді жүзеге асырудың тетіктері талқыланды. Сондай-ақ, жаңа кітаптардың таныстырылымы болды.

 

Белді ғалымдар мен қабырғалы қаламгерлер «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында алдымен латын әліпбиіне тоқталды. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені, алқалы жиынға түбі бір түркі елдерінің зерттеушілері келді.

 

Олар бауырлас мемлекеттер арасындағы ғылыми ынтымақты арттырып, латын әліпбиіне өтудің артықшылықтарын айтты.

 

Мұрат Жұрынов, Ұлттық ғылым академиясының президенті:

Мұнда Стамбул конференциясының принцптері сақталды. Бір дыбыста бір әріп, жалпы, әріптер саны отыз төрттен аспау керек - екінші принцп. Үшінші принцп - қазіргі заманауи интернет тіліне бейім болуы керек. Осының бәрі біздің әліпбиімізде сақталды.

 

Тамырлас ел ғалымдарының басын қосқан Түркі академиясының ұжымы бірнеше жаңа басылымның да тұсауын кесті. Құнды кітаптардың ішінде әйгілі түркітанушы Әмір Нәжіптің «Жойылу қаупіндегі түркі тілдері» атты 4 томдық ғылыми еңбегіне көпшіліктің ерекше назары ауды.

 

Қадырәлі Қоңқобаев, түрколог-ғалым (Қырғызстан):

Қазақ мемлекеті өзінің жарандарына жақсы жолды бастады. Рухани жаңғырудағы жаңа Қазақстанның өнегесі үшін, жаңа қазақ халқының өркениеті ілімінің, білімінің мықты деңгейге жетуі үшін жасалып жатқанын көріп отырамыз.

 

Алыс-жақын бауырлас мемлекеттен ат арытып, Алматыға арнайы келген зерттеушілер Президент Жарлығымен бекіген латын әліпбиіне қатысты ой қосты. Ғалымдардың сөзінше, латын графикасы бүкіл түркі әлемін біріктіруге ықпал етеді.

 

Дархан Қыдырәлі, Түркі академиясы халықаралық ұйымының президенті:

Тілтану төңірегінде жүрген бүкіл зиялы қауым, жазушылар және еліміздің әрбір азаматы бұдан тыс қалмайды деп ойлаймын. Мысалға, еміле қалай болады, грамматикаға мұның әсері қалай болады, енгізу қалай жүргізіледі, мектепте қалай беріледі? Сонымен қатар, қазақ грамматикасындағы мұның енгізілу тәсілдері және басқа да мәселелер. Меніңше, аса ауқымды жұмыстар басталады.

 

Маңызды басқосудың негізінде еліміздің «Рухани жаңғыру» бағытындағы нақты істері мен жоспарлары іске асады. Себебі, бағдарламадағы ауқымды шараларды талқылауды тоқтатып, жүйелі жұмысты бастау қажет.

Ғалымдардың ортақ ойлары осыған саяды. 

 

Мирас МҰҚАШ

 

Хабарламаларға жазылу