Бүгін әлемдік музыкалық терапия күні. Бұл әдіс Қазақстанға 2000 жылдардың басында ене бастады. Астанадағы Ұлттық балаларды оңалту орталығы алғашқылардың бірі болып музыкалық терапиямен ерекше балаларды емдеуді қолға алды. Оның методикасын да осы орталықтың мамандары әзірлеп, оқытудың 4 бағытын айқындады.
Нұргүл туғанынан еркін сөйлей алмайды. Бірақ таң қаларлығы - ол ән айтқанда әр әріп анық әрі кедергісіз шығады. 8 жыл бойы Ұлттық балаларды оңалту орталығында музыкатерапия емін алып, бүгінде өнерге қадам басқан. «Бұл менің өмірімді түбегейлі өзгерткен ем» дейді Нұргүл.
Нұргүл Қалабаева, қала тұрғыны:
Музыка терапия арқылы мен өз ортамды тауып, өнер университетін тәмамдап шықтым. Логопед және музыкотерапевт мамандардың арқасында сөйлеу жағынан қалпыма келдім.
Орталықта музыкатерапия 4 бағыт бойынша оқытылады: рецептивті яғни алуан түрлі музыканы тыңдату арқылы емдеу. Аспаптық терапия – ұсақ маториканы дамытуға бағытталған. Вокалдық терапия түрлі артикуляциялық жаттығулар жасау арқылы жүргізіледі және dance терапия – ән мен биді ұштастыру арқылы жүзеге асады.
Одан бөлек, кіріктірілген арнайы сабақтар бар. Яғни логопед-дефектолог мамандарының қатысуымен музыка сабағы өтеді. Аптасына бір рет ата-аналар да сабаққа қатысып, үй жағдайында музыкатерапия жасау тәсілін үйренеді.
Бағдат Әбіш, Ұлттық балаларды оңалту орталығының музыкотерапевт маманы:
Музыкотерапевттермен бірлесе отырып, осындағы оңалту саласының мамандарымен бірлесе отырып жасаған музыкалық жаттығуларымыз бар. Емдік дене шынықтыру элементтерін қостық, логопедиялық артикуляциялық жаттығулар қостық. Сол авторлық жаттығулармен осы оңалту орталығында жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.
Орталыққа келген балалар жас ерекшелігіне қарай 6 бөлімге орналастырылады. Жылына 5 мыңға жуық бала ем қабылдайды. Музыкалық терапияны 12 маман жүргізеді. Нәтижесі көз қуантады. Сондықтан Ұлттық балаларды оңалту орталығында дайындалған музыкатерапия методикасын бүгінде еліміздегі барлық жекеменшік оңалту орталықтары пайданаланып жүр. Ақниет Балтанова
Ақниет Балтанова
