Ақтөбе облысының Қобда ауданында Қобыланды батырға арнап ескерткіш ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысының Қобда ауданында Қобыланды батырға арнап ескерткіш ашылды

24.10.2017

Игі шара Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында көрініс тапты. Елдің әр түкпірінен арнайы келген жұрт «Құт қонған Қобда» мерекесіне қатысып, батырдың рухына тағзым етті. 

Қарақыпшақ Қобыландының ескерткіші, Қобдаға кіре беріске, күре жолдың бойынан орын тепті. Қолына ақ найзасын ұстаған батыр мүсіні, алыстан мен мұндалап тұр. Тұғыры 6 метр, ескерткіштің өзі 5 метр. Мыстан құйылған мүсін демеушілердің көмегімен қойылды. 

 Сапар Ысқақов, Қобыланды батырдың ұрпағы:

- Қарақыпшақ Қобыландының мен 17-ші ұрпағы болып есептеледі екенмін. Енді ол кісінің қазір ұрпақтары көп. Көп елдерде бар деп айтуға болады, таралған. Сондықтан да, мынау той құтты болсын. Бұл бабамызға әрбір қаладан, әрбір облыстан ескерткіштер жыл сайын қойылып жатыр.

Келешекте ескерткіш айналасындағы саябақ абаттандырылады. Сондай-ақ, Қобдадан 100 шақырымдай қашықтықта орналасқан арнайы кешен жанын батыр рухына тағзым етіп келушілерге арнап қонақ үй салынбақ. Жалпы, батыр ескерткішінің бой көтеруі елдігіміздің айқын көрінісі дейді көпшілік.

Киікбай Жаулин, саяси ғылымдар докторы, профессор:

- Қобыланды батырдың батырлығына сәйкес, Қобыланды батырдың ұлтжандылығына байланысты, Қобыланды батыр жалпы, тек Қобда ауданының Ақтөбе облысы ғана емес, жалпы қазақ елінің, жалпы қазақ алашының ұлылығын көрсеткен, аңыздығын көрсеткен ұлы тұлға.

Қобыландыдан бөлек, бұл күні ел басына күн туған шақта ерлігімен мәңгі есте қалған батырлар Алтай, Исатай және Әлия Молдағұлованың ескерткіштері де ашылды. Бұл өз кезегінде тарихқа тағзым етіп қана қоймай, жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім қалыптастыруға әсер ететіні сөзсіз.

 

Жұлдыз АЛМАСҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу