Түркістан облысының оқушылары телефоннан асыққа көшкен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысының оқушылары телефоннан асыққа көшкен

28.02.2025

Түркістан облысының мектептерінде оқушылар үзілісте асық ойнайды. Ал мұғалімдер балаларды ұлттық ойынға баулып, ережелерін үйретеді. Жеткіншектердің ұлттық ойынға бет бұруына әкелер мектебінің үлесі зор дейді ұстаздар.

Сарыағаш қаласындағы №71 мектептің оқушылары қоңыраудың соққанын асыға күтеді. Өйткені барлық сыныптың балалары дәліздерде асық ойнап, асыр салады. Әсіресе 6-шы, 7-ші сыныптың жеткіншектері белсенді. Асық ойынының бірнеше түрін біледі. Сондықтан әр бала үйлерінде асық жинап, өзімен бірге алып келеді.

Абзал Темірбай, оқушы:

Біздің қазіргі асығымыз мыңнан асады. Ол тек математикаға, логикаға зейін салады да. Логикамызды дамытады.

Тіпті жеткіншектердің біразы асықты роботтардың көмегімен ойнаудың әдіс-тәсілін ойлап тапқан. Арнайы алаңша жасап, өздері құрастырған роботтарды сынап, ойынның көрігін қыздырады. Заманауи үлгіде жаңғырған ұлттық ойынға төменгі сынып оқушылары ерекше қызығады.

Дияс Құдаяров, оқушы:

Бұл жерде біз роботтармен асықтарды жинайтын боламыз. Бұл жерде кімде көп асық болады, сол ұтады. Робот осал болып, бұзылып қалмау керек. Төрт бала, екі-екі баладан екі команда ойнаймыз.

Мектеп ұжымы ұлттық ойынның кең қанат жаюына аудандық әкелер мектебінің қолдау көрсеткенін айтады. Әсіресе ата-аналар балаларына асық жинап, оны түрлі түске бояп береді. Қазірдің өзінде әр оқушыда мыңнан астам асық бар.

Асықтың денсаулыққа пайдасы орасан, баланың мергендігі мен ептілігін шыңдайды, шапшаңдық пен көздің көруін жақсартады. Әрі ұялы телефоннан бір сәтке жырақтайтын тамаша мүмкіндік.

Исматулла Усманов, Сарыағаш аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы:

Балалар қоңырау кезінде іштегі энергияны шығарып, бір бірімен қарым қатынасты нығайтуда, ойындағы қабілетін, ойлау қабілетін және іс қимылы мен шапшаң болуына үлкен септігін тигізеді.

Асық ойыны – тұнып тұрған тәрбиенің көзі. Ал білім мен тәрбие қашан да ұштасып жатуы тиіс деген ұстаздар өзге де ұлттық ойындарды балалардың бойына сіңірмек. Әрі бұл тәжірибені өңірдегі өзге де мектептермен бөліспек.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу