Бүгін Украинадағы соғыстың басталғанына - үш жыл. Осыған орай, Киевке Еуропа комиссиясының президенті Урсула фон дер Ляйен, Еуропа кеңесінің төрағасы Антонио Коста және Канада, Финляндия, Норвегия, Швеция және тағы басқа елдердің басшылары барды. Сонымен қатар еске алу шарасына арналған жиында Түркия, Жапония жетекшілері де видеобайланысқа шығып сөз сөйледі. Содан кейін шетелдік меймандар құрбандарға бағышталған мемориалға шырақ қойды.
Украинадағы қарулы қақтығыс 2022 жылы ақпанның 24-де басталды. Содан бері мыңдаған бейбіт тұрғын қаза тауып, 6 миллионнан астамы шетелге қоныс аударуға мәжбүр болған.
Үшжылдыққа байланысты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы да мәлімдеме жасап, әлемді Украинадағы соғысты тоқтатуға аянбай күш жұмсауға шақырды.
Антониу Гутерриш, БҰҰ Бас хатшысы:
Біз осынау сессияны сүреңсіз оқиғаның ауыртпалығы аясында үшжылдыққа арнап отырмыз. Соғыстан 12600 бейбіт тұрғын қаза тауып, одан да көбі жараланды. Тұтас елдімекендер үйіндіге айналды. Ауруханалар мен мектептер қирады. Біз бұл жанжалға нүкте қойып, Біріккен Ұлттар Ұйымының Жарғысына сәйкес әділ де мызғымас бейбітшілік орнату жолында бар күшімізді жұмсауға тиіспіз.
Украина мен Ресей армиялары қанша адам жоғалтқаны белгісіз. Себебі бұл жайлы ақпарат құпия сақтаулы. Бірақ батыстық барлаушылардың болжамынша, екі жақ та қанды шайқастарда жүздеген адамнан айырылған.
Арыстан Рысбек
