Күйші Айбек Бекбосынның кезекті туындысының тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Күйші Айбек Бекбосынның кезекті туындысының тұсаукесері өтті

16.10.2017

Ұлттық арнада халықаралық байқаулардың лауреаты, күйші Айбек Бекбосынның кезекті туындысының тұсаукесері өтті. Жаңа күй Алаштың 100 жылдығына арналған. Жас композитор әрі күйші бұл туындысында мұңды сарынмен қатар, азат елдің қуанышын ұштастыруға тырысқанын айтты. Бұған дейін Елбасына толғау шығарған жас талантқа Ұлттық арна мұрындық болып бейнебаян түсірген. Дәстүрлі төл өнерге жаңа леп берген күйші жігіт алдағы уақытта тыңдармандарын тағы да тың дүниелерімен қуантпақ.      

Айбек Бекбосын, күйші:

- Айналдырған бір 5-6 күйім бар екен, сол 5-6 күйді ел ағалары қолдап бейнабаян түсіріп, Ұлттық арнаның қолдауымен «Елбасы толғауы», Алаштың 100 жылдығына қолдау білдіріп, бейнебаян түсіріп берді.

Сондай-ақ, дәстүрлі және эстрадалық өнерді қатар алып жүрген Айбек Бекбосын Астанада есеп беру концертін өткізді. Үш бөлімнен тұрған концерттік бағдарламада Айбекпен қатар, отандық сахна саңлақтары да бой көрсетті. Ұлттық өнерді тамашалау үшін көзі қарақты көрермендер елдің әр түкпірінен осы кешке арнайы келіпті.   

Мұқаш Бітімбаев, Семей қаласының тұрғыны:

- Семейден арнайы осы концертті көру үшін келдік. Кеш өте қызықты болды. Қайта-қайта тыңдағың келе береді. Бұл азамат Қазақстанның ең беделді азаматы деп санаймыз. Айбек осылай ұлғая берсін, өсе берсін.

 

Елдос САПАРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу