Астанадағы ақылы автотұрақтар қала әкімдігінің меншігіне өтеді. Әзірге нақты қандай өзгерістер болатыны белгісіз. Белгілісі халықтың талап-тілектері ескеріледі. Бұл туралы жауапты басқарма өкілі айтты.
Еске сала кетейік, шаһар басшысы Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарымен кездесуінде «Астана тұрақ кеңістігі» серіктестігімен келісімшарттың бұзылатынын айтқан еді. Келісімшарт 20 жылға, яғни 2028 жылға дейін жасалған. Дегенмен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі келісімшартты бұзу туралы ұйғарым шығарған. Тергеу жүргізіліп, автотұрақ операторын таңдау кезінде заңсыздыққа жол берілгенін анықтаған. Оның үстіне соңғы кезде тұрғындар тарапынан жауапты компанияға шағым да көбейген.
Бауыржан Күмісбеков, Қалалық көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бас маманы:
Себебі жылдан-жылға автокөлік санының өсуіне байланысты оған сапалы басқару және сапалы күтім керек болғандықтан осындай шешімдер қабылданып жатыр. Мәселен кейбір тұрғындар тұрақтың ақылы болғандығына шағымданса, кейбір тұрғындар ауласында көлік көп болғандықтан, ақылы тұрақты көбейту мәселесін көтеріп жүр.
Сондай-ақ бұл мәселе бойынша «Астана тұрақ кеңістігі» компаниясына хабарластық. Олар 10 жұмыс күнінде жауап беретінін айтты.
Данияр Асылбек
