Елімізде жыл сайын бес мыңға тарта сәби жүрек ақауымен дүниеге келеді. Ал Түркістан қаласында 185 бала туа біткен жүрек ақауы диагнозымен тіркеліп тұр. Бұл көрсеткіш жыл сайын 30-40 балаға өседі. Ұлттық ғылыми медициналық орталығының кардиохирургтері мен кардиолог дәрігерлері осындай балаларды Астанаға сабылтпай, облыс орталығындағы емханада қабылдады. Науқастарға тегін кеңес беріп, ультрадыбыстық зерттеу аппараты арқылы балалардың жүрегін тексерді. Ота жасайтындарға жолдама ұстатты. «Басты мақсат – ерте диагностика жасап, жүрегінде ақаулары бар балаларды емдеу»,- дейді ақ халаттылар.
Бауыржан Тұяқбаев, Ұлттық ғылыми медицина орталығының балалар кардиохирургы:
Түркістан облысынан жылына 200-дей баланы операцияға алып кетемін. Әр келген сайын бір жарым мыңдай бала қараймын. Біз операциядан кейін бұл балаларды бес жылға дейін бақылауымызда ұстаймыз. Операциядан кейін бұл балалар 3 ай, 6 ай, 1 жылдан кейін қаралып отырады.
Айнұр Әбілқасымқызы
