Түркістанда тұрғындар тік дренаждарды жөндеуді талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда тұрғындар тік дренаждарды жөндеуді талап етті

18.02.2025

Түркістан облысының Мақтаарал ауданында жерасты сулары көтеріліп, көктемгі егісті бастауға кедергі болып тұр. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, кей жерлер сортаңданып, эрозияға ұшырай бастаған. Салдарынан көптеген егістік алқап жарамай қалуда. Өйткені өңірде соңғы 20 жылдың көлемінде тік дренаждардың дені істен шыққан. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Мақтаарал ауданына қарасты Нұрлыбаев, Жаңажол, Қарақай ауылдық ауылдық округтеріндегі 57 тік дренаждың дені істен шығып, жерасты сулары көтеріліп кеткен. Шаруалар зардабы орасан деп отыр.

Қалмұрат Салманов, Арайлы ауылының тұрғыны:

Тұз, сор жерге еш өнім шықпайды. Мақтаның бойы бұрынғыдай 90 сантиметрге көтерілмейді. 45 сантиметрден аспайды. Есігіміздің алдындағы бақшамызға ештеңе егуден қалдық. Егістік жерімізге күріштен басқа ештеңе шықпайды.

Оразгелді Асаубаев, шаруа:

Сорланып кетті жердің бәрі. Қазір жерасты деңгейіндегі су бір күрек қазсаң көрінеді, көтеріліп тұр. Дренаж қосылмайды. Жазбаған жеріміз қалмады. Бірақ келіп, тексеріп жатқан ешкім жоқ.

Аудандағы 218 тік дренаждың 187-сі «Қазсушар» мекемесінің қарамағына өткен. Оның жөндеу жұмыстарына да миллиондаған қаражат бөлініпті. Алайда диқандар жауаптылардың тірлігі атүсті, тек жалған есеп берумен шектеліп отыр дейді. Салдарынан мақталық алқаптарға сор шаю кезінде су сіңбей, егістікті кеш бастауға мәжбүр.

Қайрат Айнабеков, Ынталы елдімекенінің тұрғыны:

Тік дренаждар істеп тұрған кезде 70-80 см су сіңген. Қазір 100 процент суды қайтып сбросқа тастаймыз. Одан кейін көктемде кеш егеміз. Қандай дақыл ексең де, өнімін аз аласың.

Ал Қазсушар мекемесінің мамандары болса үш ауылдық округтегі дренаждар мемлекет меншігіне өтпеген соң жөнделмей қалды деп түсіндірді.

Әлі Мырзабеков, «Қазсушар» мекемесі Мақтаарал өндірістік бөлімшесі басшысының орынбасары:

57-нің ішінде 20-сы істейді. 20 данасы істейді. 10 данасын біз қалпына келтіріп қойдық. Оның насостары қалды. Ендігі айдың ішінде насос келеді оған. Үлгергенімізше 27-сінің барлық жұмысын істейміз. Үлгермегенімізді ендігі жылы толық бітіреміз.

Десе де маманның жауабы шаруалардың көңілінен шықпай, екіжақты дауға ұласты. Тұрғындар кезінде талан-таражға түскен қондырғыларды жөндеуге бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын талап етті. Олар мәселе шешілмесе, прокуратураға шағымданбақ.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу