АҚШ Қазақстанға қатысты заң шектеуін алып тастамақ. «Джэксон-Вэник түзетуін» жоятын заң жобасын Өкілдер палатасы қарауына алды. Конгресмен Джимми Панетта бастамашы болған құжатты қазірдің өзінде қос партияның сегіз мүшесі қолдап отыр. «Джэксон-Вэник түзетуі» еврейлердің көшуіне кедергі жасағаны үшін Кеңес одағына қарсы экономикалық санкция ретінде 1974 жылы енгізілген еді. Алайда Одақ келмеске кетсе де бұл шектеу Қазақстан мен АҚШ-тың тұрақты сауда байланысына кедергі болып тұр. Жарты ғасыр бұрынғы санкцияның күшін жоятын заң жобасын қазір заң шығарушы органның қаржы комитеті талқылауға кірісті. Құжатты Конгресс қолдап, президент бекітсе, екі елдің экономикалық байланысы тереңдей түспек.
Джимми Панетта, Демократтар партиясының конгресмені:
Джексон – Вэник түзетуін жою – Американың Орталық Азиядағы экономикалық және стратегиялық байланыстарын нығайту үшін аса маңызды. Қазақстанға тұрақты қалыпты сауда қатынастары мәртебесін беру арқылы АҚШ-Қазақстан арасындағы сауданы жаңғырту туралы заң экономикалық ынтымақты кеңейтіп, инвестициялық мүмкіндіктерді арттырады, сондай-ақ жаһандық бәсекелестіктің күшейген кезеңінде тұрақты әрі тәуелсіз Қазақстанды қолдайды. Бұл маңызды сауда әріптестігін XXI ғасырға сай деңгейге көтеретін уақыт жетті.
Жалғас Сәдібекұлы
