Бүгін – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні. Елімізде жыл өткен сайын оқу-білімге, зерттеуге ден қойған қыз-келіншектер көбейіп келеді. Мәселен, Алматыдағы «Ботаника және фитоинтродукция» институтындағы ғалымдардың 70 пайызы әйелдер. Кешегі Гүлсім Аспандиярова мен Нәзипа Құлжановалардың жолын жалғаған жандар туралы келесі сюжетте.
Лаура Шадманова былтыр ғана докторлық диссертациясын қорғап, PhD дәрежесін алды. Қазір «Ботаника және фитоинтродукция» институтында қызмет етеді. Алғашында зертханаға лаборант болып жұмысқа тұрған. Бүгінде табиғат әлемін зерттеп, өсімдіктерді қорғау саласында елеулі еңбек етіп жүрген білікті ғалымға айналды.
Лаура Шадманова, биология ғылымдарының докторы:
Қиындыққа келетін болсақ, көбінесе далалық зерттеулермен байланысты. Көбіне экспедицияға шығамыз, ол жерде жағдай жасалмағандықтан, қиындық туындайды. Бірақ оның бәріне төтеп беруге болады. Бірінші құштарлық болу керек, ғылымға, кәсібіне сүйіспеншілік болу керек.
Жалпы, мұнда 102 ғылыми қызметкер бар. Соның 75-і әйел. Отбасына да уақыт тауып, отандық ғылымның да отын жаққандар қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Бастысы әйел адам ілімнің ізіне түскен кезде, жақындарының қолдауы маңызды, дейді саладығылар.
Гүлнар Ситпаева, «Ботаника және фитоинтродукция» институтының директоры:
Былтырдың өзінде біздің 5 қызымыз докторлық диссертациясын қорғады. Қуантарлығы - зерттеуге бет бұрғандардың басым бөлігі жастар. Қазір мұндағы 11 зертхананың сегізіне әйел адамдар жетекшілік етеді. Осы ретте оларға қолдау білдіріп, барынша көмектесіп жүрген жолдастарына алғыс айтамын.
Еліміздегі ғалымдардың 60 пайызы бұрымдылар. Олар жаһан жұртын жақсылыққа бастайтын жаңалық ашу жолында тынбай еңбектеніп жүр.
Ернұр Медет
![](https://px.mediadata.kz/s.gif?mh_id=7916e9245b3c5232be2c21bfdafded87&mh_news=Бүгін – Ғылымдағы әйелдер мен қыздардың халықаралық күні&mh_tags=Qazaqstan&mh_page=https://qazaqstan.tv/index.php/news/206656/)