Нью-Йоркте жұмысшыларға ит-мысығы ауырып қалса да ақылы демалыс бермек. Яғни үй жануарын күтіп қарау үшін уақытша еңбекке жарамсыздық парағын ала алады. Арнайы заң жобасы қазір жергілікті парламенте талқыланып жатыр. Жалғас Сәдібекұлы толықтырсын.
Үй жануарларын күту үшін ақылы демалыс беру туралы жаңа заң жобасын қалалық кеңес мүшесі Шон Абреу ұсынған. Бұл бастама ит-мысық асырайтындар үшін аса маңызды дейді депутат.
Шон Абреу, Нью-Йорк қалалық кеңес мүшесі:
Бұл заң жобасы үй жануарларын күтуге мүмкіндік беру арқылы олардың иелерінің де денсаулығына оң әсер етеді. Үй жануарларымен уақыт өткізу – стресс пен мазасыздықты азайтады, ал итпен серуендеу физикалық белсенділікті арттырады.
Жоба бойынша, жұмысшылар өздеріне тиесілі еңбекке жарамсыздық демалысын үй жануарларын күтуге пайдалана алады. Нью-Йорк штаты бекіткен тәртіп бойынша 100-ге жуық қызметкері бар кәсіпорындар бір жылда 40 сағат, ал, 100 аса жұмысшысы бар мекемелер 56 сағат ақылы демалыс беруге міндетті болмақ. Сондықтан Нью-Йорк тұрғындарының көбі жаңа өзгерісті қуана қолдап отыр.
Андрю О'шаник, Нью-Йорк тұрғыны:
Меніңше бұл тамаша идея. Үй жануарлары – отбасымыздың бір мүшесі. Егер итім ауырып қалса, оған қажетті күтім жасауға уақытым болуы керек.
Регина Дорнс, Нью-Йорк тұрғыны:
Біз үй жануарларымызға қамқорлық жасаймыз, ал олар бізге эмоционалды қолдау көрсетеді. Егер оларды күту үшін ақылы демалыс алуға мүмкіндік берілсе, бұл керемет болар еді!
Америкалықтардың көбі ит пен мысықты ерекше жақсы көреді. Ресми мәлімет бойынша, АҚШ-тағы отбасылардың шамамен 68%-да үй жануары бар. Cондықтан олардың күтімі үшін жұмысшыларға жалақысы сақталатын демалыс берудің экономикалық салдары болуы мүмкін деп бастаманы қолдамай жатқандар да бар.
Миеке Вандерсалл, Нью-Йорк тұрғыны:
Меніңше бұл аса қажет шара емес. Үй жануарлары маңызды, бірақ біз алдымен қаланың негізгі әлеуметтік мәселелерін шешуіміз керек.
Осыған ұқсас заң бұған дейін Калифорнияның Эмервилл қаласында қабылданған. Ол жерде жұмысшыларға өздерінің қызметтік жануарларына күтім жасау үшін ақылы демалыс алуға рүқсат берілді. Енді Нью-Йорк бекітсе, ит пен мысығы үшін жұмыстан заңды сұрануға құқық беретін АҚШ-тағы алғашқы мегаполис болмақ.
Жалғас Сәдібекұлы
