Түркістандық шаруалар көктемгі егіске кірісті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық шаруалар көктемгі егіске кірісті

11.02.2025

Еліміздің басым бөлігінде әлі аяз болса, Түркістан облысында көктемгі егіс басталып кетті. Ақпанның жылы болуын пайдаланған сарыағаштық шаруалар ерте өнім беретін көкөніс түрлерін ексе, жетісайлықтар мен келестік диқандар қырыққабат көшеттерін отырғызып жатыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.

Жетісайлық шаруалардың бірі Руслан Құдайқұлов көшет отырғызуды ерте бастап кетті. Диқан 15 гектар жерге орамжапырақтың ерте пісетін түрінен 525 мың түп көшетін ектіріп жатыр. Ағын суды үнемдеу мақсатында тамшылатып суғару әдісін қолданады. Қырыққабаттан былтыр ойдағыдай өнім алған қожалық қалған 15 гектар алқапқа болгар бұрышы мен қарбыз егуді жоспарлап отыр.

Руслан Құдайқұлов, диқан:

Мына көшеттің сорты - Валикор. Арғы алқап - Зариссима. Көшетті өзім өндіремін. Үйде кішкентай жылыжайым бар. Гектарына 35 мың көшет кетіп жатыр.

Қазір алқапта 20 адам жұмыс істейді. Оларға күніне 5 мың теңгеден еңбекақысы төленеді. Жұмысшылар көшеттерді отырғызғаннан кейін үстін жапқышпен жауып шығады.

Шырынкүл Машрапова, жұмысшы:

Қашан қаңтар келеді, солай жұмысқа шығамыз. Ақпанда орамжапыраққа шығамыз. Менің үйімнің өзінен бес адам шығады. Бұл жерде бәрі ағайындар. Бір үйден екі адам, ал бір үйден бес адам болып, осының арқасында күн көріп жүрміз.

Ал сарығаштық диқан Қалдан Мұсабеков өзіне тиесілі 15 гектар жерге ерте пісетін сәбіз бен картоп, қырыққабат егуде. Биыл қаңтар жылы болғаннан кейін жер жыртып, құнарландырып алған. Ақпаннан бастап сәбіздің тұқымын сеуіп, енді картоп егуге кірісіп жатыр. Сөзінше, биыл егіншіліктің шығыны едәуір қымбатқа түсіп тұр.

Қалдан Мұсабеков, диқан:

Былтырғымен салыстырғанда 30 пайызға қымбаттап кетті. Картоптың ұрығын былтыр 200-ге дейін алғанбыз. Ал биыл 350-ге барып жатыр. Одан басқа тыңайтқыш алуымыз керек, оған көң алуымыз, жерді айдатуымыз керек. Күнде әр жұмысшыға 10 мың теңгеден төлейміз.

Десе де қымбатшылыққа қарамастан, ауыл еңбеккерлері қыс мезгілінде де диқаншылықты кәсіп етіп, ашық алқаптан мол өнім алуда. Соның арқасында ерте піскен көкөністер жергілікті базар мен өзге облыстарда саудаланады. Ал қырыққабаттарға ресейліктер тарапынан сұраныс өте жоғары.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу