Батыс Қазақстан облысында су тасқыны болған жағдайда зардап шеккен тұрғындарға 317 эвакуациялық қосын дайындалды. Уақытша орындарды 32 мың адам паналай алады. Тек қаланың өзінде 2 мың керует пен төсек-орын жабдықталып, әзір тұр. Өңірдегі су тасқынына дайындық барысы туралы қазір тікелей эфирде әріптесім Ардақ Мұратқызы айтып береді.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Иә Армангүл, өңірде су тасқынына дайындық шаралары басталып кетті. Мәселен, Тасқала ауданында Деркөл өзенінің жағалауы бекітіліп жатыр. Ауданда 28 елдімекеннің 5-уін су басу қаупі бар. Апаттың алдын алу үшін арықтар қардан аршылып, гидротехникалық құрылымдар қалпына келтіріліп жатыр. Қорғаныс бөгеттері салынған. Сондай-ақ, арнайы техника мен құрал-жабдықтар да сайланған. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге 26 уақытша орын белгіленді. Эвакуациялық қосындардың барлығы да керует, төсек-орынмен қамтылған. Ал қалада 4 мың адамға арналған 16 уақытша орын әзір тұр. Су тасқыны кезінде аялдамалар мен сауда үйлерінің аумағы зардап шеккен тұрғындардың жиналу орны болып бекітілген. Тіпті тікұшақ қонатын орындар да белгіленген. 2 мың тоннадан астам инертті материал мен 28 мың топырақ салынған қап дайын тұр. Жалпы өңірде 58 елді мекенде су басу қаупі сақталып отыр.
Ардақ Мұратқызы
