БҚО-да тасқынға қарсы іс-шараларды орындамаған әкімдерге сөгіс берілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да тасқынға қарсы іс-шараларды орындамаған әкімдерге сөгіс берілді

03.02.2025

Батыс Қазақстан облысында биылғы тасқынға қарсы іс-шараларды уақытылы орындамаған Орал қаласы мен Қаратөбе ауданының әкімдеріне сөгіс берілді. Басқарма басшылары ескерту алды. Ал биыл қала мен 9 ауданда су басу қаупі бар. Қазір бізбен сол өңірдегі тілшіміз Ардақ Мұратқызы тікелей байланысқа шығуға әзір тұр. 

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Бүгін әкімдікте биылғы көктемгі су тасқынына әзір болмай шыққан бірқатар лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, қала әкімі өзен жағалауындағы кейбір қорғаныс бөгеттерін әлі салып бітпегені үшін сөгіс алды. Ал соңғы екі жыл қатарынан ауылдарын су басқан Қаратөбе ауданында Қалдығайты өзенінің жағалауы әлі бекітілмеген, су бұру каналы жөнделмеген. Тапсырманы мерзімінде орындамаған аудан басшысы да сөгіс алды. Өңірдегі барлық 102 гидротехникалық нысанның тек 36-сы теңгерімге алынған. Володарка ауылында бөгет салынбаған. Бұл іс-шараларды уақтылы атқармаған облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысына ескерту берілді. Сондай-ақ облыстық төтенше жағдайлар департаменті мұз жару іс-шарасына әлі конкурс өткізбеген. Мердігер анықталмаған. Облыс әкімі бұл шаруаны әрі қарай қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Нариман Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

Су тасқынына байланысты Қаратөбе, Орал қаласының әкімдеріне сөгіс. Сонымен қатар табиғи ресурстарды пайдалану басқармасының басшыларына ескерту жариялаймын. Қатаң бәрін бақылауға алыңыздар.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Жалпы өңірде Орал қаласы мен 9 ауданда су басу қаупі сақталып отыр. Ылғал мөлшері төмен болғанымен, топырақтың тоң қалыңдығы кей жерде 60 см-ге жеткен. Ақпанда жауын-шашын көлемі айлық мөлшерден көп болады деп болжанып отыр.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу