Ресейде қазақ мәдениетінің күндері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде қазақ мәдениетінің күндері өтті

31.01.2025

Мәскеуде қазақ мәдениетінің күндері өтті. Онда халқымыздың салт-дәстүрі дәріптеліп, қонақтар ұлттық тағамнан дәм татты. Ресей астанасының қазақ қоғамы ұйымдастырған шараға өзге ұлт өкілдері де қатысты. Толығырақ тілші бейнематериалында.

«Ұлттық болмысты сақтап, дәстүрді дәріптеу міндетіміз»,-дейді жергілікті қазақтар. Мәдениет күндерінің аясында домбыра тартудан және ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды. «Ою-өрнек әлемі» атты шеберлік сыныбы өткізілді. Жас өнерпаздар әуезді ән әуелетіп, мың бұрала биледі. Үлкендер жағы жеткіншектерге ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрыптарды көрсетті.

Татьяна Алексеева, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Қазақ мәдениетінің күндері өтетінін кездейсоқ біліп қалдым. Бірден барамын деп бел будым. Қазақтың өнерімен, мәдениетімен жақынырақ танысып, өз қолыммен ұлттық бас киім жасадым. Қазақтың салт-дәстүрі өте бай, халқы қонақжай екен.

Шетелде 7 миллиондай этникалық қазақ тұрады. Соның 1,5 миллионы Ресейде. Іргелес елде 22 қазақ ұлттық мәдени ұйым белсенді жұмыс істеуде. Ал Мәскеуде 100-мыңға жуық қандас бар.

Гүлімай Хамеденова, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Орыстілді қазақтар қазіргі таңда Қазақстанның мәдениетін, тарихын білу үшін, ана тілінде сөйлеу мақсатында, тілге деген, мәдениетке деген құштарлығы арта түсуде.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ тілін тек қандастар емес, өзге ұлт өкілдері де үйренгісі келеді. Соңғы екі жылда қызығушылық артқан. Сондықтан домбыра, қазақ тілі үйірмелерінің саны көбейді. Сабақтар «Қазақстан» павильонында апта сайын өтеді. Ал қазақ мәдениетінің күндерін енді дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарда бар.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу