Түркістан облысында өркениеттен қалыс қалған ауыл бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында өркениеттен қалыс қалған ауыл бар

29.01.2025

Жарыққа жарымаған ауыл. Түркістан облысының Келес ауданында жүзге жуық халық қоныстанған елдімекен тұрғындары өркениеттен қалыс қалдық деп өкпелі. Ауызсу, жол мен жарықтың проблемасын көтеріп әбден шаршаған. Ал ауданның атқамінерлері болса Өзбекстаннан қоныс аударған халықтың құжатсыз үй салып алғанын көлденең тартуда.

Көпшілік Жантақсай деп атап кеткен ауыл тұрғындарының алды көшіп келгендеріне отыз жылға жуықтаған. Содан бері өз күнімізді өзіміз көріп келеміз, деп жыларман күйде. Өздері орнатып алған электр бағаналары шіріп, үп еткен желге құлайды. Жиі жарықсыз қалады.

Амангүл Мамырова, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

Бұл бағананы өзіміз салдық, бірақ ешкім хабар алмайды. Енді міндетті түрде бір бала өлуі керек па, түсінбеймін. Кешке қарай тоқ аз. Кешке қарай сабақ дайындай алмайды. Нанды да әйтеуір таңертең-түсте пісіріп алады.

Ауызсуды да 10 шақырым жерден тасып ішеді. Көгілдір отын да қарастырылмаған. Ауылдағы өркениеттің жалғыз белгісі - мына жол ғана. Оның өзінде бір ғана көшеге тас төселген. Көрші ауылға қатынап оқитын жеткіншектердің мектепке барып келуі мұңға айналған.

Үсен Шөлбаев, Қаратөбе ауылының тұрғыны:

Балалар қиналады. Мектепке баратын жол жоқ. Бала-шағамызды мына жолмен жіберуге қорқамыз. Ақырында қырмен жібереміз, батпаққа батып, мектепке барады.

Шағын ауылдағы көп үйдің құжаты да жоқ. Ал салаға жауаптылар болса бұл ауылдың жайылымдық жерге қоныстанып алғанын алға тартады. Қаратөбе елдімекенінің шегіне тек 2022 жылы енгізілген. Сондықтан инфрақұрылым жүйелері жүргізілмеген деп отыр.

Алмас Абдуллаев, Келес аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Жаңадан қосылған көшелер бар. Солардың бәріне қазір жоба дайындап жатырмыз. Жобаға ағымдағы жылы қаржы қаралды. Енді мемлекеттік салып алу конкурстары жүргізіліп, осы 6 айда толық құжаттарын аяқтап бітеміз. 

Яғни ауылдың алдымен жарық мәселесі шешілмек. Бюджеттен қаржы бөлінгенше, демеушілер есебінен жаңа бағаналар орнатылады. Газдандыру мен су мәселесі де көп кешікпейді деп сендірді жауаптылар. Жолды жөндеу содан кейін басталады. Ал баспаналарды заңдастыруға ауыл әкімдігі қолғабыс етпек.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу