Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры екі жылдан бері жабық тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры екі жылдан бері жабық тұр

27.01.2025

Хәлің қалай, қазақ театры? Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры екі жылдан бері жабық тұр. Жөндеуі мерзімінен кешігіп жатыр. Труппа әр ғимаратта қойылым қойып, шашырап жүр. Бұл - ұжымның шығармашылық дамуына кері әсерін тигізіп отыр. Жалпы, облыстық театрлардың материалдық жағдайы мен шығармашылық даму деңгейі қандай? Әріптесім Ардақ Мұратқызы тақырыпты зерделеп көрді.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

«Театр - таудың ауасы» депті Асқар Сүлейменов. Ал біз қандай ауамен демалып жүрміз? Бүгін біз бір өнер ұжымы арқылы облыстық қазақ драма театрларының ахуалына үңіліп көреміз. Төбесі тесіліп, жертөлесі суға толып қалатын Орал театрының ғимараты екі жылдан бері жөндеуге жабық тұр. Труппа «Аманат» концерт залында әзірлік жасап, Островский театрында қойылым қойып жүр. Ал театр әкімшілігі филармонияда әртістермен бірге сығылысып отыр.

Әр ғимаратқа көшіп-қонып жүрген қазақ театры премьераға әзірленіп жатыр. Бөтен сахнада уақыт шектеулі. Бұл 50 әртістен тұратын шығармашылық құрамға кері әсерін тигізіп тұр. Театрда жалғыз режиссер бар. Жас та болса, бас болған Алмат Шарипов Әуезов театрында қызметте жүрген жерінен елге шақырылған.

Алмат Шарипов, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының бас режиссері:

Актер жинақы жүруі керек. Күнделікті таңғы жаттығуы болсын, сахна қозғалысы болсын, биі болсын, вокал болсын - бұрын сол сабақтың бәрі театрда күнделікті өтетін. Қазір сахна аздық етіп жатыр. Уақытыңның ұрланып жатқаны жаныңа батады. Жұмыс істеймін деп келгесін, театрдың болғанын қалайсың.

Режиссер тапшылығынан актриса Нұрлыгүл Жұбатова қойылым сахналап жүр. Айтуынша, уақытша ғимараттарда грим, жуыну бөлмесі болмағандықтан, әртістерге жағдай жоқ. Техникалық мамандар да құрал-жабдығын әр сахнаға тасып жүреді. Декорация, бутафор дүниелер әр жерде шашылып жатыр. Сынып-қирап жатқандары бар.

Нұрлыгүл Жұбатова, актриса, Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі:

Мұның бәрі шығармашылыққа кері әсерін тигізіп жатыр. Таңертең қай жерге барып, әзірлік жасайтынымызды білмейміз. Кеште чаттан күтіп отырамыз. Қай зал бос екен? Қай зал кіргізеді екен деп. Киім бөлмесі, гримм бөлмесі деген бәрі бірге қазір. Коридорда киінеміз. Сол жерде боянамыз. 30 жылдан бері жиналған миллиардтың костюмдері қазір әр жерде қапшықта жатыр.

Облыстық театрлар министрлікке емес, облыс әкімдігіне қарайды. Әкімдіктен қаржыландырылады. Еліміздегі 80-нен аса театрдың 57-сі облыстық. Олардың олқы тұстарын айтқан өнертанушы Бақыт Нұрпейіс қаржыландырудың шығармашылыққа тікелей әсерін жоққа шығармады. Актерларды оқыту, шеберлік сағаттарын ұйымдастыру, арнайы маман шақыру жағы ақсап тұр. Репертуар тепе-теңдігін сақтауда, сахна тілі мен сахна қозғалысында кем-кетік бар.

Бақыт Нұрпейіс, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертанушы:

Облыстық театрлардың сәл олқы түсіп жататын тұстары кездеседі. Өйткені кейбір қойылымға бөлінетін ақшаның көлемі өте аз. Жарықтандыру мәселесі көп театрда нашар деңгейде. Дыбыс беру жағында да мамандар жетіспейді. Актер әмбебап болуы керек. Кей театрларда қарапайым театр этикасынан кетіп бара жатқандығын байқаймыз.

Ғимараттың ғылыми реставрациясы енді басталады. Жоба құны 2,7 млрд теңге. Конкурс жарияланған. Мердігер әлі анықталмады. Театр жөндеуге жабылса да, жұмыс тоқтап қалған жоқ. Өнерді бәрінен биік қойған сахна саңлақтары сергелдеңге қарамастан, патша көңілді көрерменнің үмітін ақтап, ықыласына бөленіп жүр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу