Еліміздің бірнеше ЖОО «Bett show» халықаралық көрмесіне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің бірнеше ЖОО «Bett show» халықаралық көрмесіне қатысты

24.01.2025

Қазақстан 40 жылдық тарихы бар «Бетт шоу» халықаралық білім көрмесіне қатысып, тұңғыш рет ұлттық павильонын ұсынды. Жарнамалық мақсатта еліміздің 7 университеті өз стендтерін қойып, өңірлік академиялық хабтың мүмкіндіктерімен таныстырды.

Көрмеге Астана және Алматы қаласындағы Ұлттық жоғарғы оқу орындары, Назарбаев университетімен қатар Шығыс Қазақстан, Атырау облыстарының білім ордалары да өз стендтерін қойды.

Әлия Қаймолдинова, Назарбаев университеті интернационализация бойынша департаментінің директоры:

Бүгінгі көрмеге біз 2 жоба әкелдік. Біріншісі – түлектеріміз дайындаған оқушыларды робототехникаға үйрететін модель. Екіншісі – қазақша сөйлейтін жасанды интеллектке негізделген модель.

Қазақстанда бүгінде 30 мыңнан астам шетелдік студент білім алады. Австралия, Германия және басқа да елдерден келген жастар британиялық университеттерде оқып жатыр. Биыл тағы бірнешеуін ашу жоспарланып отыр.

Кэти Литч, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі:

Алдағы 5-10 жыл көлемінде Қазақстандағы Британ университеттерінің саны артып, қос дипломдық бағдарламалар ашылатындығына және оқу кампустары салынатындығына сенімім зор.

Ұлыбританияның жаңадан пысықталып жатқан білім стратегиясында еліміз негізгі серіктестердің бірі ретінде қарастырылмақ. Бұл туралы Британ білім министрімен болған кездесуде айтылды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Сүйінші жаңалық - Оксфорд университетінің атақты Магдален колледж мектебі Қазақстанға келуге дайын. Осы аптада Бетт шоу үлкен көрменің аясында Оксфорд университетімен келіссөздерді жалғастырамыз.

Bett show – білім беру саласындағы маңызды шаралардың бірі. Жыл сайын көрмеге 130 елден шамамен 30 мыңға жуық кәсіпқой маман қатысып, тәжірибе алмасады.

Марина Бекенова


Хабарламаларға жазылу