Астаналықтар қалада кеміргіштердің қаптағанына алаңдаулы. Ал қалалық санитариялық-эпедемиологиялық бақылау департаментінің дерегінше, көктемде егеуқұйрық бұдан да көп болуы мүмкін деп отыр. Биыл кеміргіштер әдеттегіден көбірек балаламақ. Оған не себеп? Шаһарда дератизациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр ма?
Бұл - бас шаһардың сол жағалауы. Нұра мен Есіл аудандарында егеуқұйрықтар өріп жүр. Қаладағы қараусыз қалған құрылыс алаңдары мен қоқыс маңындағы кеміргіштер көбейіп кеткен. Тұрғын үйлердің аулаларында да, жүреді деген елордалықтар, кеміргіштерді қазір улап, көзін жоймаса, түрлі инфекция тарайды деп қауіптенеді.
Егеуқұйрықтардың көбеюінен iKomek пен E-otinish платформасына шағымданатандар саны да артқан. Былтыр 400-ден астам адам хабарласса, биыл, яғни 20 шақты күнде 30-ға жуық арыз тіркелген. Қалада дератизациялау жұмыстары жасалған. Дегенмен тұрғындар тарапынан шағым азаймай тұрған көрінеді.
Айжан Оразова, дезинфекция қызметін көрсететін ұйым басшысы:
Тұрғын үй алаптарында және ашық аумақтарда, саябақтар, өзендердің маңы, су қоймалары, каналдар және зираттарда дератизациялау шараларын жүзеге асырдық. Тұрғын үй кешендерінде бұл жұмысты мүлік иесі бірлестігі қадағалайды. Алда тағы да осындай жұмыстар жүргіземіз.
Мамандардың болжамынша, елордада күн жылысымен егеуқұйрықтар саны еселенеді. Жылдағыдан әлдеқайда көп болмақ. Оған былтырғы су тасқыны, қыстың жылы болуы және ылғалдылықтың жоғары деңгейі түрткі. Өткен айларда кеміргіштерді аулап, қауіпті инфекцияларға зерттеу жүргізілген. Ауру тарайды деп алаңдауға негіз жоқ,дейді жауаптылар.
Айбарша Дүйсенбайқызы, қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:
Егеуқұйрықтарға лабораторияда ай сайын әкелінген тышқандарға зерттеу жасап отырамыз. Серологиялық, биологиялық зерттеулер, бактерологиялық, биологиялық болжам жасап отырамыз. Қорытындылай келе ұлттық сараптама орталығының зертханасымен бірге аса қауіпті инфекцияларды зерттеу зертханасы бар. 2024жылы хаттаманың бәрі, зерттеулер теріс шықты.
Егеуқұйрық пен тышқандар туляремия, иерсиниоз, листериоз, лептоспироз, құтырма, өкпе обасы сияқты әртүрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларды тасымалдайды. Қауіптің алдын алу үшін, тағы да сынамалар алынып, зерттеу жалғаспақ.
Динара Жарқынбек