Қазақстан мен Өзбекстан денсаулық саласында ынтымақтасып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Өзбекстан денсаулық саласында ынтымақтасып келеді

22.01.2025

Қазақстан мен Өзбекстанның денсаулық сақтау саласындағы өзара ынтымақтастығы артады. Медицина мамандарынан тұратын делегация Ташкенттегі емдеу мекемелерінің жұмысымен танысты. Бүгінде 100-ден астам болашақ дәрігер көршілес елдегі ЖОО білім алып жүр.

Соңғы жылдары екі ел арасында медицина бағытындағы тиімді тәжірибелерді дамыту қолға алынған. Мұның дәлелі – емдеу орындарында қазақстандық дәрігерлердің қатысуымен шеберлік сабақтарын өткізу дәстүрге айналды. Күрделі хирургиялық операцияларды бірлесе жүзеге асыру оң нәтиже беріп келеді.

Алексей Цой, ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының меңгерушісі:

Бүгінгі сапар барысында тиімді уағдаластыққа қол жеткіздік. Алдағы уақытта өзбекстандық әріптестеріміз біздің елге арнайы келіп, отандық дәрігерлермен кездесу өткізеді деген жоспар бар. Олар нақты қай бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар атқару жайын талқылайды.

Алдағы уақытта екі жақты ынтымақтастықтың Жол картасы жасалады. Бұл жайлы қазақстандық делегацияның көрші елдің денсаулық сақтау министрімен кездесуінде айтылды. Саладағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша тың ұсыныстар, екіжақты қарым-қатынастың қазіргі жайы мен алдағы жоспарлар талқыланды.

Уктам Исмаилов, Өзбекстан Республикасы ДСМ басқарма басшысы:

Мәселен Қазақстанның трансплантология бағытындағы жетістіктері бізді қызықтырады. Онкология, кардиология және педиатрия бойынша да өте жақсы нәтижелерге қанықпыз. Екі елдің дәрігерлері үшін де өзара үйренетін тұстар бар деп есептеймін.

Бүгінде Өзбекстанның жоғары медициналық оқу орындарында 100-ден астам қазақстандық студент білім алып жатыр. Сондай-ақ биылғы оқу жылынан бастап Бұхара мемлекеттік медицина институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесіп, өзара тиімді білім беру бағдарламасын іске қосқан.

Базаргүл Отыншиева

Хабарламаларға жазылу