Басты Жаңалықтар Президент биыл 36 күнін шетелдік сапарларға арнады

Президент биыл 36 күнін шетелдік сапарларға арнады

2024 елдігімізді әлемге танытқан ерен жыл болды. Мемлекет басшысы 20-дан астам елге барып, келіссөздер жүргізді. Әрқайсысында Қазақстанның мүддесі қорғалған келелі келісімдерге қол қойылған. Ішкі саясатта да ілкімді істер атқарылған. Мемлекет басшысының жұмысын қорытындылаған Президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли, осындай мәліметтер келтірді. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы Президенттің бір жылғы жұмысына өз шолуын жасады.

2024 - ЕЛДІГІМІЗДІ ТАНЫТҚАН ЕРЕН ЖЫЛ

Алдымен сыртқы саясатты саралайық. Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 23 рет шет мемлекетке сапарлады, 19 халықаралық форум мен саммит жұмысына қатысты. Халықаралық іс-шаралар аясында өзге елдің басшыларымен 27 рет кездескен.

Қатар, Әзербайжан, Сингапур, Тәжікстан, Моңғолия, Франция және Мажарстан елдеріне мемлекеттік сапармен, ал Италия, Ватикан, Армения, Түрікменстан және Сербия елдеріне ресми сапармен барды.

Мұндағы кейбір елдерге Қазақстан Президентінің соңғы 20 жылға жуық уақыттан кейін алғаш рет сапарлағанын атап өткен жөн. Бұл Мемлекет басшысының жан-жақты ықпалдастыққа баса назар аударатынын аңғартады. Мемлекеттік және ресми сапарлардан бөлек Президент түрлі халықаралық іс-шараларға қатысу үшін 11 елге жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы жылдың 36 күнін шетелдік сапарларға арнаған.

Келісімдердің ең сүбелісі – Қатарда болды. 12 құжат – 17 млрд доллардан асты. Жақында Франциямен де 14 келісім шарт жасасты. Ал, жыл басында Президент Италияға барғаны есте. Ресми Риммен 18 құжат бекітілді. Сондай-ақ, Сингапурмен 14, Моңғолиямен 5 келісім бар. Басқа елдерде де байланысты арттыратын келісім көп.

Жанат Момынқұлов, саясаттанушы:

Бұның барлығы Қазақстанның сыртқы саяси водомствосының сырттан инвестиция тарту, Қазақстанның халықаралық иммеджін арттыру мақсатындағы нақты іс-әрекеттер деп айтуға болады. Қазақстанның мақсаты осындай қиын геосаяси жағдайда өзінің теңгерімділігін сақтап, жаңа нарықтарды, жаңа жеткізу жолдарын логистикалық мүмкіндіктерді пайдалану.
2024 жылдың І жарты жылдығының қорытындысы бойынша шетелден келетін тікелей инвестицияның жалпы көлемі 9,8 млрд доллар болды. Бұл көрсет¬кіш тау-кен өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, өңдеу өнеркәсібі салаларында көбірек тіркелді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі қаңтар-қараша айларында 15,8 трлн теңгеге жетті. Бүгінде 795,9 млрд теңге көлеміндегі сомаға 134 жоба іске қосылды, 10,1 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Сарапшылар бұл жұмыстардың барлығы бүгіннің ғана емес, болашақтың қамы үшін жасалып жатқаны айқын дейді.

Ғалиасқар Сарыбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Осының бәрі сол мемлекеттермен қарым қатынасты байланыстыру арқылы, ынтымақтастықты дамыту арқылы жастарға жол ашу. Яғни ол жерде ең бастысы білім мен ғылым тұрады. Жаңа технологиялар бойынша қазір Қытай алдыңғы қатарға шықты. Не болмаса тауарларды өндіру бойынша алдыңғы қатарға шықты. Біздің жастар барып ол жақтан үйреніп жатыр. Алып келіп жатыр. Және көптеген инвестициямызды да сол жастарымыз алып келіп жатыр.

Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге түрлі деңгейдегі сапармен келген 11 шет мемлекеттің басшыларын қабылдап, келіссөздер жүргізді. Оның ішінде Қытай, Ресей, Германия Федеративті Рсепубликасы сияқты алпауыттардың болғанын да айта кеткен жөн. Әр сапар барысында келісіммен ғана шектелмей, жаңа, ауқымды жобалардың ресми жүзеге аса бастағанына да куә болдық. Мәселен Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк көліктері мен теміржол контейнерлерін жөнел¬ту рәсіміне телекөпір режімінде қатысты.

Президент биыл жұмыс сапарымен еліміздің 11 өңіріне барды. Аймақтардағы 60-тан аса өндірістік және әлеуметтік-мәдени нысандармен танысып, жұртшылықпен кездесті. Сондай-ақ ел ішіндегі 41 іс-шараға қатысты. Бір жыл ішінде еліміздің бірінші борты 158 983 шақырымды ұшып өтті. Президент ұшақ пен тікұшақта 245 сағат 18 минутын өткізді. Бұл – жер шарын төрт рет айналып шыққанмен бірдей қашықтық.

Мемлекет басшысы отандық және шетелдік БАҚ-қа бірнеше рет сұхбат беріп, еліміздің ұстанымын білдіретін мақалаларын жариялады. Екі рет журналистерге арнап брифинг өткізіп, БАҚ өкілдерінің көкейінде жүрген сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ Президент шет мемлекеттер басшыларымен бірге БАҚ өкілдеріне арналған 14 брифинг өткізді.

Президент өңірлерге жасаған әр сапары кезінде балалармен, қарапайым жұмысшылармен емен-жарқын әңгіме құрып, жағдайларын сұрауды да әдетке айналдырған. Бұл халықпен кері байланыстың тиімді іске асып жатқанын көрсетеді.


Оңғар Алпысбайұлы

Бөлісу