Ресейдің Түмен облысында қазақ мәдениетінің күндері өтті. Онда аймақта тұратын және өзге де өңірлерден келген қандастар бас қосты. Шара аясында ұлттық дәстүр дәріптеліп, арнайы концерт ұсынылды.
Қонақтар көшпелі халықтың салт-дәстүрлерімен танысып, концерт тамашалады. Қазақтың күйі күмбірлеп, әуезді әні шырқалды. Сахнада вокалдық және би шығармашылық ұжымдары, сондай-ақ отбасылық ансамбльдер де өнер көрсетті.
Есенғали Ыбыраев, Ресей қазақтарының федералды ұлттық-мәдени қауымдастығының төрағасы:
Жыл соңында дәстүрлі түрде Түмен облысы қазақтарының ұлттық мәдени автономиясының қызметін қорытындылаймыз. Сонымен қатар, бұл іс-шарада барлық қазақ шығармашылық ұжымы да өткенге есеп беріп, болашаққа жоспар жасайды. Ұйымның аудандардағы бөлімшелері белсенді жұмыс істеуде.
Мереке аясында ұлттық дәстүрлерді сақтау ісіне елеулі үлес қосып жүрген қазақ отбасыларына құрмет көрсетілді. Жалпы Түмен облысында 40 мыңға жуық қазақ тұрады. Соңғы жылдары қандастарымыздың тарапынан ана тілін терең үйренуге құлшыныс артып, ұлттық дәстүрді, музыканы дәріптейтін шығармашылық ұжымдар көбейді.
Гүлмира Еркімбекова, Түмен облысының тұрғыны:
Қазақ тілін игереміз, оқимыз, балалар да, үлкендер де оқиды. Тіршілігіміз де дұрыс, бәрі жақсы. Біздің қазақтар барлық әдет-ғұрыпты сақтайды, әрбір мекемеде өзіміздің қазақ ойындарын өткіземіз. Әр жерде қазақ ұлтының деңгейін көтеріп жүреміз.
Игі шара дәстүрлі түрде тек өңірде ғана емес, сонымен қатар қазақ халқы көп қоныс тепкен Ресейдің өзге де аймақтарында өткізіледі.
Индира Бегайдар