Ал Әзербайжан халқы аза тұтып жатыр. Ел астанасы Бакуде мемлекеттік алаң мен басқа да ресми орындардағы тулар түсірілді. Елдегі барлық мәдени шара тоқтатылды. Телеарналар хабар тарату кестесіне өзгерістер енгізді. Мешіттерде марқұмдарға Құран бағышталып жатыр. Білім беру мекемелерінде оқу әдеттегідей жалғасады. Баку әуежайында халық апат құрбандарын 1 минуттық үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын қойды. Ал «Әзербайжан Эйрлайнс» Баку-Грозный-Баку және Баку-Махачкала-Баку бағыттары бойынша барлық ұшақ рейстерін доғарды. Бұл шектеу апатқа қатысты тергеу аяқталғанға дейін жалғасады. Бакудегі Қазақстан елшілігінде Ақтаудағы ұшақ апатында көз жұмғандардың қазасына орай көңіл айту кітабы қойылды.
Әлім Байел, Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі:
Елдеріміз өзара ынтымақтасып, бір-біріне көмектесті. Мемлекеттік құрылымдарымыз, құтқарушылар мен дәрігерлеріміз бірлесе жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның көптеген азаматы қан тапсырды. Бұл қаралы оқиға біздің рухымыз бір екенін көрсетті.
Арай Төлегенқызы