Қазақстан Президентінің шешімімен Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен Газиантеп аймағында мектеп құрылысының басталуын жергілікті тұрғындар қуана қабылдады. Былтырғы зілзалада Түркияның Газиантеп провинциясына қарасты Нұрдағы қалашығында 16 орта мектеп жермен жексен болған еді. Мектеп жетіспеушілігін тартып отырған өңірге Қазақстан тарапынан 960 оқушыға арналған білім ордасының салынуы осы олқылықтың орнын толтыратын болды. Үш қабатты мектептің жалпы құны – 6 млрд теңге. Мектепте сыныптардан бөлек, асхана, спорт залы және амфитеатр болады. Сондай-ақ, мектеп ауласында бұл ғимарат Қазақстанның тартуы екенін еске салатын киіз үй пішіндес шеберханалар бой көтермек. Кеше ғана іргетасы құйылған мектеп 2026 жылы пайдалануға беріледі.
Ердал Кылынч, Газиантеп провинциясы білім беру департаментінің директоры:
Ең алдымен Қазақстан Президентіне және күллі қазақ халқына өз атымнан және барлық ұстаздар атынан шын жүректен алғыс айтамын. Қазақстанның мектеп ғимаратын салып беріп қана қоймай, оның ішін оқушыларға қажетті барлық жаңа технологиялармен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуі бізге деген көңілдеріңіздің қаншалықты кең екенін білдірді. Біз бұл жақсылықты ешқашан ұмытпаймыз.
Мерт Артыжы, мектеп оқушысы:
Қазақстандық бауырларымызға көп рахмет айтамын. Өзім тоғызыншы сыныпта оқимын. Бізге жаңа мектеп салынып жатқанын естігенде қатты қуандық. Қиындықта көмек көрсеткендеріңіз үшін сіздерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Айдос Әшім