Жыл қорытындысы: Үкімет биыл 164 инвестициялық жобаны іске асыруды қолға алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл қорытындысы: Үкімет биыл 164 инвестициялық жобаны іске асыруды қолға алған

20.12.2024

Өнеркәсіпті дамыту мен экономиканы демонополизациялау. Сарапшылар мен қоғам белсенділері ел экономикасына оң әсер ететін негізгі бастамаларды атады. Биылғы Президент Жолдауының мазмұны да осы салаға бағытталған. 

2024 жыл – ел экономикасы үшін оңай болған жоқ. Тасқын салдары бюджетке салмақ салды. Қазына бүйірін толтыру үшін Ұлттық қордан қосымша қаражат алуға тура келді. Дегенмен, дер кезінде қабылданған шешімдердің арқасында экономика аса зиян шеккен жоқ. Елдегі қаржылық ұйымдар тұрақты жұмыс істеді. Зауыт-фабрикалардың қарқыны тоқтамады. Үкімет биыл 164 инвестициялық жобаны іске асыруды қолға алған. Оның дені Қарағанды облысында іске асты.

Гүлнар Құрбанбаева, Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының президенті:

Қазір өңірлерде «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы қарқынды түрде іске асып жатыр. Одан соң жас кәсіпкерлерге арналған грант бөлінуде. Біздің өңірден оған жыл сайын 300-ден астам адам өтінім береді. Қарағандыда қазір айти саласы жоғары қарқынмен дамып жатыр. Технологияның дамығаны, басқа секторға да оң әсерін беріп жатыр.

Осылайша, биыл экономикамыз 4,4%-ға өсті. Көбі мұнай секторына тиесілі емес. Яғни, 70 пайызы ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда, транспорт, өнеркәсіп салалары. Инвестиция көлемі де біршама артқан. Білім беру секторына салынған қаржы 2,2 есеге, ғылым мен техникалық қызметте 42,1 пайызға өсті.

Сапарбай Жобаев, сарапшы:

Оның нәтижесі біздің экспорттық әлеуетімізден көрінді. Бұрын біздің экспорттық әлеуетіміз дайын өнімдер 10-12 млрд доллар болатын болса, қазіргі күнде 20-24 млрд-қа дейін, жалпы 25 пайыз экспорт жасасақ, соның төрттен бірі өңделген өнімдерді біз Ресейге экспорт жасап жатырмыз.

Экономика өсімі үшін келесі жылы атқарылатын шаруа да аз емес. Қаржы министрлігі осы ретте Салық кодексін әзірлеп жатыр. Құжатта бизнестің мүддесі ескеріледі. Президент бұған қатысты нақты тапсырма берді. Бұдан бөлек, экономикаға оң әсер ететін Құрылыс кодексі мен Су кодексі қабылдануы тиіс.


Хабарламаларға жазылу