Ақтау Орталық Азиядағы әуе жүк тасымалының орталығына айналады. Бұл туралы облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай айтты. Құны 1 млрд доллар болатын ірі жоба үкіметтен қолдау тапты. Қаржы шетелдік инвестор тарапынан құйылады. Яғни Еуропа мен Азия арасына қатынайтын ұшақтар Каспий жағалауына аялдайды. Ақтау және Құрық порттарының да транзиттік қуаты күшейтіліп жатыр. Жалпы облыстың экономикалық даму қарқыны жаман емес. Соңғы бес жылда 4 трлн. теңгеге жуық инвестиция тартылған. 2024-2026 жылдар ішінде экономиканың түрлі саласында құны 666 млрд.теңгеге болатын 42 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл 1 800 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Нұрдәулет Қилыбай, Маңғыстау облысының әкімі:
Ауыл шаруашылығы – өңірде қарқын алып келе жатқан салалардың бірі. Биыл 34,5 млрд. теңгеге жуық өнімі өндірілді. Оның ішінде мал шаруашылығында өнім шығару көлемі 31%-ға көбейді. Инвестиция көлемі 4 млрд теңге болатын азық-түлік сақтау қоймасы қолданысқа берілді. Келер жылы құны 3,5 млрд теңге болатын жұмыртқа мен құс етін өндіретін кәсіпорын және жылыжай кешенін іске қосу жоспарланып отыр.
Ақтауда инженерлік желілер қатты тозған
Өңірде мәселе де жоқ емес. Ақтау қаласында инженерлік желілер ескіріп тұр. Тозу деңгейі 82 пайызға жеткен. Жаңғырту жұмыстары биыл басталған. Барлығы 919 шақырым құбыр ауыстырылмақ. Биыл 60 шақырымы жөнделеді. Маңғыстау облысында жылу желілерінің де тозығы жеткен. 60 пайызын ауыстыру керек. Ал халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін «Каспий» су тұшыту зауытының қуаты күшейтіліп жатыр. Жалпы сумен қамту бойынша 10 жоба қолға алынған.
Оңғар Алпысбай