Батыс Қазақстан облысында биылғы алапат тасқын салдарын жоюға 113 млрд теңге жұмсалды. Мемлекет зардап шеккен азаматтарды далада қалдырмады. Үш мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылды. Қазір өңірде қорғаныс бөгеттері салынып, су өткізу жүйелері қалпына келтіріліп жатыр. Ардақ Мұратқызы тасқынмен арпалысқан жылды қорытындылады.
Өңірді әуелі қар суы әбігерге салды. 13 ауыл мен мыңнан астам үйді су басты. Ондаған тасжол мен бөгет, көпір бұзылды. Елдімекендерге апталап қатынас үзілді. Облыстың 6 аумағында төтенше жағдай жарияланды. Кейін Шаған өзені шамырқанып, Деркөл дүр көтерілді. Артынан Жайық тасып, жолындағының бәрін жаңқа құрлы көрмей жайпады. Мыңдаған саяжай учаскесі су астында қалды. 11 мың азаматтан көмек керек деген өтініш түсті. Алайда мемлекет ешкімді далада қалдырмады. Жалғыз баспанасынан айырылғандар жаңа үй алды. Солардың бірі – Жармұхамбетовтер жанұясы. Саяжайдағы үйі суға кетіп, бес ай көшіп-қонып жүрген отбасы күзде қоныстойын тойлады.
Қарлыға Жармұхамбетова, Орал қаласының тұрғыны:
Бәріміз де осындай керемет жарық үйге ие болдық. Баспаналы болдық. Мемлекет басшысының уәдесі толықтай орындалды. 31 тамыз күні осы жерде кілт табысталып, бәріміз улап-шулап, 1 қыркүйек күні немерелеріміз, бала-шағамыз осы жерден мектепке барды.
Тасқын салдарынан облыста суға кетті делінген 6 мыңға жуық үйге техникалық сараптама жасалды. Олардың 2828-і тұруға жарамсыз деп танылды. Зардап шеккен азаматтарға аудан, қалада 889 жаңа жер үй салынды. 1939 дайын пәтер сатып алынды. 1343 баспана иесіне жөндеуге қаржы бөлінді. Жалпы тасқын салдарын жоюға түрлі қаржы көздерінен 113,7 млрд теңге жұмсалды.
Бақытжан Нарымбетов, облыс әкімінің орынбасары:
86 млрд 600 млн теңге демеушілер, меценаттар, қайырымдылық қорлары арқылы болса, 27 млрд 100 млн теңге жергілікті және республикалық бюджеттен бөлінді. Бұл пәтерлерді алуға, үйлердің құрылысына, бөгеттерді, инженерлік желілерді қайта қалпына келтіруге, үйлерді жөндеуге, 100, 150 АЕК көмегін төлеуге, тағы басқа шығындарға бөлінген болатын.
Алайда тасқынның шығыны зор болғанымен, пайдалы жағы да болды. Отыз жылдан бері аңқасы кепкен көлтабан мен құрғап қалған қоймалар ризыққа толды. Дегенмен, әбден тозған гидротехникалық нысандарды жөндеу, иесіз қалғандарының құжатын жасау мәселесі өткір тұр. Олқылықты жою үшін өңірде жаңа кәсіпорын құрылды.
Марат Молдашев, облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:
Президент тапсырмасы бойынша біздің облыста «Батыс Ирригация» мекемесі құрылды. Қазір жұмыс жасап жатыр. 19 адам жұмысқа қабылданды. Негізінен инженерлік-техникалық құрам. Бөрлі, Теректі, басқа да аудандардың «Батыс Ирригацияның» теңгеріміне гидротехникалық құрылымдар беріліп жатыр.
Ғалымдар келер жылы да Жайық тасуы мүмкін деп болжап отыр. Тасқынға тосқауыл қою үшін 19 ауылға қорғаныс бөгеттерін салу аяқталып келеді. Атқамінерлер 90 тармақтан тұратын жұмыс жоспарын жасап, оның 85-ін орындаған.
Ардақ Мұратқызы, тілші:
Қазір Жайықтың деңгейі 114 см болып тұр. Бұл былтырғыдан 40 см-ге жоғары. Өңірде су басу қаупі бар 68 ауыл бақылауға алынған. Мамандар биылғы тасқыннан сабақ алдық, айтып келмейтін апатқа сақадай саймыз деп уәде беріп отыр.
Ардақ Мұратқызы