Ақтөбе облысында балалар салқын балабақшаға барып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында балалар салқын балабақшаға барып жүр

18.12.2024

Ақтөбе қаласына қарасты Бекқұл баба ауылындағы жалғыз балабақша талапқа сай емес. Ғимараттың іші салқын, балаларымыз жаппай ауырып жатыр дейді тұрғындар.

Мұнда 95 бала тіркелген. Алайда, қазір оның тек қырықтан астамы ғана барып жүр. Ата-аналар бұған дейін жылы көрпелер мен электр пештерін өздері апарып берген. Ескі ғимараттың қабырғалары жарылып, терезелерінің жанындағы сыЛақтары түсіп қалған. Тұрғындардың айтуынша, балалардың көбінің өкпесі қабынған. Қазір ем алу үстінде.

Айнұр Қабылтаева, Бекқұл баба ауылының тұрғыны:

Осы балабақшаға менің бір емес, екі балам келеді. Ішінің салқын болғаны соншалық, осы күн салқындағалы қазан айынан бері балаларым үш рет ауруханаға түсті. Пневмания дейді, бронхит дейді, іші салқын.Бізді кіргізбейді. Мысалы, бір топта 25 бала болса, қазір әрі кетсе 7-8 бала отыр. Қалғанының бәрі ауырып жатыр, бәрінде де сондай диагноз.

Бұл жеке балабақша болғандықтан қызметкерлер ата-аналар мен тілшілерді мекеме ішіне кіргізуден бас тартты. Мұндағы жылу жүйесінің дұрыс еместігін білім бөлімі басшысының өзі де мойындады. Кемшілік тез арада жойылмаса, мектепке дейінгі ұйымның жұмысы тоқтауы да мүмкін. Ал ауылда балабақшаға ыңғайлы өзге ғимарат жоқ.

Әліби Латып, қалалық білім бөлімінің басшысы:

Ішкі температура режимі дұрыс емес. Кемінде 23-24 градус болу керек, бұл жерде одан төмен.Сол себептен балаларға салқын тиюі мүмкін. Енді қазір бұл мәселе бойынша ата-аналардың арызын аламыз, соның негізінде комиссия құрып, қарап, әрі қарай бұл балабақша жұмыс істей ме, жоқ па, соны шешу керекпіз.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу