18-ге тола сала жүргізуші куәлігін алуға асыққандардың бірі – Дина Кенжеғали. Кәмелет жасына жеткен соң бірден автомектепке барған. Білімін жетілдіріп, жол белгілерімен толық танысқан бойжеткен сынақтан сүрінбей өтетініне сенімді.
Дина Кенжеғали, қала тұрғыны:
Автомектепке 1 ай көлемінде барып дайындалдым. Дайындық негізі өте жақсы. Кәдімгідей дайындалдым тестке. Барлығын қарап, оқыдым. Практикаға да аса қатты қорқыныш жоқ. Өйткені автомектепке барып үйрендім. Көлік жоқ жерде үйдегілерде қарап үйрететін.
Алматыда жол ережелерін жаттатып, темір тұлпарды тізгіндеуді үйрететін орталықтар да жетерлік. Уақыты үйренушінің талабына байланысты. 1 ай мен 3 ай аралығы. Бағалары да әр түрлі. Тек теориялық тұрғыда дайындау 20 мың теңге. Ал практиканы да қатар меңгерем десеңіз 80 мың теңгеге дейін барады.
Данияр Орынбасар, автомектеп оқытушысы:
Біздің автомектепте шамамен 70 адам оқиды. Соның 42-45-і қыз бала. 75 күн, 2,5 ай оқытамыз. Теория және практика, көлік жүргізудің 5 сабағы кіреді.
Жалпы биыл жүргізуші куәлігін алу тәртібіне біршама өзгеріс енді. Оқыды деген сертификаттан бөлек, қазір емтихан тапсырушы екі сатылы аутентификациядан өтуі қажет. Алғашқысы - SMS арқылы жеке деректерді тіркеу. Екіншісі - биометриялық сәйкестендіру. Бұл жаңашылдықтар жүгенсіз жүргізушілердің санын азайтуға бағытталған.
Бауыржан Дәулетқалиев, қалалық мамандандырылған №1 ХҚКО бас маманы:
Автомектепте оқу міндеттелгелі күніне шамамен 150 адамдай келеді. Оның 70-80 пайызы өтеді. Яғни, жақсы әсер берді. Өзін-өзі даярлауға қарағанда жақсы әсері бар.
Жыл басынан бері бір ғана Алматыда жүргізуші куәлігінсіз жүрген 6 мыңнан аса азамат ұсталыпты. Жол белгілерін білмейтіндердің кесірінен апаттық жағдайлар азаймай тұр. Бүгінде құжаттың «қара нарықтағы» құны да күннен-күнге қымбаттап барады. Куәлікті саудаға салған жұрт, өз өмірімен қоса өзгенің есендігі үшін жауап беретінін ескерсе екен, -дейді мамандар.
Ернұр Медет