Биыл 7 мың шақырым жол жөнделді. Теміржол саласында да ірі жобалар жүзеге асты. 150-ге жуық вагонның жаңасы алынып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. 2024 жылы атқарылған жобалардың қорытындысы Үкіметтің ресми сайтында жарияланды. Қазақстан инфрақұрылымы қалай өзгерді? Самал Қабышева шолу жасайды.
Самал Қабышева, тілші:
Биыл 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жөндеу және салу жұмысы басталды. Мемлекеттік бағдарлама аясында. Жоспарланған жұмыстың жартысынан көбі аяқталды. Яғни 7 мың шақырым жол жөнделді. Ішінде ірі 4 маңызды автожол бар. Олар: Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Атырау – Астрахан. Бұл жолдар несімен маңызды? Мәселен, Атырау – Астрахан автомобиль жолын реконструкциялау арқылы халықаралық көлік дәлізінің дамуына үлес қосылды.
Жыл қорытындысы: 143 жолаушылар вагоны жаңарды
Теміржол желісін жөндеу жұмыстары да қарқын алды. Биыл 1400 шақырымға жөндеу жүргізілді. 143 жолаушылар вагоны, 185 локомотив және 1,5 мың жүк вагоны жаңартылды. Соңғы 11 айдың қорытындысы бойынша теміржол көлігімен 19 миллионнан аса жолаушы және 400 млн тоннаға жуық жүк тасымалданған. 2023 жылмен салыстырғанда жолаушылар тасымалы 5,5%-ға өсті. Сондай-ақ, 2024 жылы туристік әлеуетті дамыту мақсатында «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша жаңа туристік пойыз іске қосылды. Бұл жоба ішкі және халықаралық туризмді дамытуда, сондай-ақ елдер арасындағы мәдени және экономикалық байланыстарды ынталандырудағы маңызды қадам болды.
Ұлттық инфрақұрылым: 2029 жылға дейін 204 жоба жүзеге асады
Қазақстанның инфрақұрылымдық даму жоспары төрт негізгі бағытқа бөлінген. Олар: Энергетика, көлік, цифрлық және сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымдары. Үкімет 2029 жылға дейінгі бекіткен Ұлттық инфрақұрылым жоспары негізінде 204 жоба кезең-кезеңмен жүзеге асады.
Самал Қабышева