Елімізде артық салмағы бар балалар көбейіп барады. Соңғы төрт жылда семіздікке шалдыққан мектеп оқушыларының үлесі 1,6 есе өскен. Бұл туралы Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспан айтты. Вице-министр қазіргі балалардың 70 пайызында әлсіздік пен артық салмақ бар дейді. Сонымен бірге оқушылардың спортпен айналысуға ынтасы төмен екенін де атап өтті. Бұл пікірге қатысты ата-аналар не дейді? Тыңдап көрейік.
Мотивация керек. Ол мектептерде қатты дамыған жоқ. Арнайы үйірмелер немесе мұғалімдер өздері үлгі көрсетіп, тимбилдинг ұйымдастыруы керек. Аптасына немесе айына футбол ойнап дегендей. Жас балаларға сол жетпейді деп ойлаймын.
Бұрын Олимпиада ойындарына қызығатын болса, қазір виртуалды өмірдегі спортқа қызығып жатыр. Ал ол спортта адам қимылдамайды. Қызықтыру үшін жүлде қоры дейді ғой, соны мүмкін көбейтіп, жақсы орындарға жақсы сыйлықтар берсе, жастардың қызығушылығы артады деп ойлаймын.
Балалар спортқа мүлдем қызықпайды. Көбінесе спортпен айналысатындардың бәрі үлкен адамдар ғой. Сол себепті балаларды волейболдан жарыстар ұйымдастырып, шақыру керек.
Медицина мамандары мұндай балалар жиі жарақат алып, жұқпалы ауруларға бейім келеді,- дейді. Статистика бойынша, жұқпалы ауруды жұқтыруы да 3,5 есе жоғары. Бұдан бөлек көбіне бастауыш мектеп жасындағы балаларда сколиоз, көз аурулары, жүйке жүйесі аурулары, жоғары қан қысымы кездеседі. Балаларда салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін не істеу керек? Дәрігердің кеңесіне құлақ түрсек.
Раушан Құлжабаева, балалар дәрігері:
Түнгі 22:00 мен 02:00 арасындағы ұйқыны сапалы ұйқы деп айтамыз. Себебі, осы кездегі гармондардың бөлінуі екі есе қарқынды темппен жүреді. Балалардың тамақтануына да көп көңіл бөлу керек. Фастфуд, яғни тез дайындалатын тағамдардың, тәтті тамақтардың балалардың рационында кең орын алуын ескеру қажет. Ата-аналарға дабыл қағу керек. Себебі оларда балалардың көңілін аулап, еркелетеміз деген түсінік бар. Алайда олар денсаулығын бүлдіріп, бір сөзбен айтқанда, балаларды уландырып жатыр.
Асылбек Данияр