Қостанай облысында тек өзен-көлден сүзіп алмай, балықты бабын тауып бағып, кәдеге жарату ісі ілгерілеп келеді. Қазірдің өзінде аймақта тауарлы балық өсірумен айналысатын 70 бизнес нысаны бар. Биыл өңірде алғаш рет жабық жағдайда бағалы бекіре балығын өсіретін ферма жұмысын бастады.
Жабық ғимарат ішіндегі 16 бассейнде шоршып жүрген – кәсіпкер Валентин Ищенконың баптап баққан шабақтан өскен балықтары. Ол бекіре шабағын алты жыл бұрын шағын тоғанда өсіре бастаған. Бірақ ашық аспан астында бағалы балықтың бабы келіспеді. Сондықтан барлық талапқа сай құрал жабдығы бар жабық ферма салуға бел буды. Жоба құны 300 млн теңге.
Валентин Ищенко, кәсіпкер:
Бекіренің бес түрін өсіріп жатырмыз. Қазір бізде шабағын қоса есептегенде 3 мыңнан астам балық бар. Басында жылына 20 тонна өндіріп шығару жоспарымыз болған. Енді 45 тоннаға жеткізуді межелеп отырмыз.
Бекіре табиғи жағдайда екі-үш жылда өсіп, жетіледі. Ал фермада бір жылдың ішінде тауарлы балыққа айналады. Жақында осы жерден тағы шағын цех ашылды. Енді құр балықты сатпай, одан түрлі өнімдер дайындайды.
Роман Герберсагин, технолог:
Қазіргі кезде күніне 500 келі балықты өңдейміз. Келешекте бекіреден жүзге жуық өнім түрін шығаруды көздеп отырмыз.
Облыс аумағында 266 су айдыны жеке пайдаланушыларға бекітіліп берілген. Соның 70-і тауарлы балық өсірумен айналысды. Олар биыл 500 тоннаға жуық балық өткізуі тиіс. Ал 2030 жылы бұл көрсеткішті 10 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
Маржангүл Дәндібаева, Тобыл – Торғай облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:
Аква өсірумен айналысатын шараушылықтарға өнімнің сапасын арттыру бойынша субсидиялар қарастырылған 50 пайыз мөлшерінде. Ал инвестициялық салымдар кезінде 25 пайыз субсидияланады шығындары. Сосын үкімет тарапынан тағыда льготная кредитование жеңілдік қарастылыған 2,5 пайыз.
Бекіре фермасында қазір он адам еңбек етеді. Алғашқы өнімдерін облыс аумағында өткізіп жатыр. Өзге өңірлерден де сұраныс бар. Егер ферма жұмысы әрі қарай дами берсе, экспортқа да жол ашық.
Дәуренбек Әбдібек