Қызылордада жаңа жылу электр орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде нысанның іргетасы қаланып, құрылыс-монтаждау жұмыстарының 65 пайызы аяқталды. Сыр өңіріне іс-сапармен келген Үкімет басшысының кеңесшісі Ермек Маржықпаев жүзеге асырылып жатқан бірқатар ауқымды жобалармен танысты.
Газ-турбиналық жылу-электр орталығы түрік инвесторының қаржысына салынып жатыр. Жоба құны 215 миллиард теңге. Нысан іске қосылған кезде қалаға жылу беріп қана қоймай, облысты толықтай электр энергиясымен қамтиды. Негізгі құрал-жабдықтардың барлығы шет елден алынып, Қызылордаға жеткізілді.
Алған Сарачоғлу, жоба жетекшісі:
Жылу орталығының газтурбиналық құрылғысы Америкадан, бу турбинасын Чехиядан, қазандықтарын Италиядан әкеп орнатамыз. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 65 пайызы аяқталды. 2025 жылдың күзінде қаланы толық жылумен қамтитын боламыз.
Мұнан соң Ермек Маржықпаев қаланың индустриалды аумағында салынып жатқан кірпіш зауытының құрылысымен танысты. Өндіріс орны күніне 250 мың, жылына 90 миллион дана қыш шығарады. Сондай-ақ осы аумақтағы шыны зауыты да өндірісін түрлендірді. Қазір мұнда энергия үнемдейтін әйнек шыға бастады.
Биыл аймақта жол құрылысы қарқынды. Бұл бағытқа 44 миллиард теңге қаржы қаралып, 300 шақырым жол мен көпірлер жөнделді. Шаһарда негізгі көшелер 4 жолаққа кейңейтіліп жатыр. Соның бірі Сырдария өзенінің жағалауымен өтетін «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылы.
Жәнібек Сыздықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
Ұзындығы 6,71 шақырымды құрайды. Жобаның жалпы құны 6,8 млрд теңге тұрады. Алдағы уақытта қайта жаңғыртылғаннан кейін 15 метр болады да, төрт жолақтыға кеңейтіледі. Қазіргі таңда жағалауды күшейту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Облыста жылдан жылға спорттық нысандардың да саны көбейіп келеді. Биыл қалада заманауи үстел теннисі орталығы пайдалануға берілді. Тағы бір ауқымды жоба халықаралық талаптарға сай 11 мың орындық футбол аренасының құрылысы келер жылы аяқталмақ.
Әділбек Серікұлы