Ақтөбеде 700 орындық драма театры ашылады. Сондай-ақ, 35 мың көрерменге арналған көпфункционалды стадион бой көтермек. Өңірге жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысына облыс әкімі Асхат Шахаров осылай деп есеп берді. Президент аймақтағы бірқатар маңызды әлеуметтік нысан мен өндіріс орындарын аралады. Тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының өңірге сапарынан Айя Мүтәлі тарқатады.
Ақтөбе облысы, Хромтау қаласы. Президент жұмыс сапарын «Дөң» тау-кен байыту комбинатындағы жаңадан іске қосылған «Болашақ» шахтасында бастады. Жобаға 1 трлн теңге қаржы тартылған.
«Болашақ» шахтасы – стратегиялық маңызы бар жоба
Айя Мүтәлі, тілші:
Шахта ең күрделі технологиямен салынғандықтан оның құрылысына 20 жылдай уақыт кетті. Мұнда өндірілген хром рудасы қазірдің өзінде әлем бойынша жоғары сұранысқа ие. Оған Азия, Еуропа және Америка құрама штаттары қызығып отыр. Шахтадан жылына 7,5 млн тонна өнім шығарылады.
Сергей Прокопьев, «Казхром» АҚ бас директоры:
Біз үшін бұл – стратегиялық маңызы бар жоба. Әрі Хромтау тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр. Мұнда тау-кен және геологиялық жағдайлар өте күрделі. Сондықтан шахтаның құрылысында әлемдік жетекші компанияларды көмекке шақырдық. Өнеркәсіптегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде бұрын қолданылмаған жаңа әдістерді енгізудеміз.
Ал кен қазу ісі жаңа технологияның көмегімен іске асады. Яғни, шахтада автоматты режимде бұрғылау қондырғысы мен жер үстін қашықтан басқару жүйесі орнатылған. Өнеркәсіпте 1800 адам еңбек етеді. Соның бірі – 20 жылдық тәжірибесі бар Ерлан Битанов. Кенші шахтадағы жұмыс асқан жауапкершілікті, табандылықты талап етеді дейді.
Ерлан Битанов, «Дөң» тау-кен байыту комбинатының ұңғылаушысы, бригадир:
Әрине, бұл жерде ерекше жігер, жауапкершілік, жұмысқа деген сүйіспеншілік керек. Заманауи техникалармен жабдықталған. Ондай техниканың болуы еңбек қауіпсіздігін арттырады. Бұл – жаңа деңгей. Ары қарай шахтада жұмыс істейтініме қуаныштымын.
Хромтаудағы колледж оқу тәжірибесінде тың технология қолданады
Бұдан соң президент жоғары тау-кен техникалық колледжіне барды. 45 жылдық тарихы бар білім ордасы еліміздің батыс өңіріндегі тау-кен саласына маман даярлайтын жалғыз кәсіптік колледж. Қазір мұнда 1200-ге жуық студент кенші, ұңғылаушы, темір ұстасы секілді мамандықтар бойынша оқып жатыр.
Бағдаш Молдашева, Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің директоры:
Мамандықтары өте қиын. Еңбек кодексіне қарағанда 18-ге толмаған балаларды жердің астына жібермейді. Сондықтан біздің аудиторияларымыз жабдықталған. Имитация шахтаның полигоны бар, бізде тренажер стимулятор бар. Соның бәрі біздің балаларға үлкен көмек пен мүмкіндік береді. Өз мамандығын 100 пайыз игеріп, алып шығуына ықпал етеді.
Айя Мүтәлі, тілші:
Міне, осылай коллежд студенттері дронды басқаруды үйренеді. Осылайша, шахтадағы жұмысты аэрофототүсірілім арқылы зерттеп, жер астын талдауға мүмкіндік бар. Бұл инновациялық жоба ғана емес, жұмысшылардың қауіпсіздігін арттырудың, яғни кен орнындағы апаттың алдын алудың тиімді жолы.
Мемлекет басшысы алдағы «Жұмысшы мамандықтары жылы» отандық өнеркәсіпті қолдауға баса назар аударылатынын атап өтті. Оқу орнының студенттері және түлектерімен тілдесті.
Нұрбатыр Қауланов, студент:
Мен шахтерлер династиясынан шыққандықтан бала кезімнен тау кен маманы болуды армандадым. Ата-анамның жолын қуып, Хромтау жоғары колледжіне оқуға түстім.
Сізбен кездескеніме қуаныштымын. Болашақ кен байытушымын. Болашақта таңдаған мамандығым дамып, әр маман иесі өзіне лайық мәртебе алса деймін.
Мемлекет басшысы Хромтаудағы мектепке автобус сыйға тартты
Ал бұл - тірек мектебі. Мұндағы мамандар салалық мұғалім тапшы шалғай елдімекендердегі мектептерге онлайн сабақ береді. Бүгінде білім ошағының базасы жаңартылып, жабдықталған. Президент ауыл балаларының білім алуына қолайлы жағдай жасау үшін мектепке автобус сыйға тартты.
5 сынып оқушысы Көркемай Серіктің өнертабысы көпшілікті сүйсінтті. Жасөспірім шахтада апат бола қалған жағдайда кеншілерге қол ұшын созудың амалын тауыпты.
Көркемай Серік, 5-сынып оқушысы:
Ерекшелігі осы фонарик автоматты түрде жанады. Жертөлеге, қараңғы жерге түскенде автоматты түрде жанады. Және адам осы дабыл тетігін басқан кезде сигнал беріп, адамдарды көмекке шақыра алады. Осы арқылы менің әкем және басқа да шахтерлер қауіпсіз жерге шығып үлгереді.
Болат құбыр зауыты жылына 20 мың тонна өнім шығарады
Президент әрі қарай Ақтөбе қаласындағы биыл ғана іске қосылған болат құбырларын шығаратын зауытқа барды. Құны 3,5 миллиард теңге болатын кәсіпорын жылына 20 мың тонна өнім өндіреді. Компания цехтардың қуаттылығын тағы арттырып, экспортқа шығуды көздеп отыр.
Нұржан Тажменов, құбыр зауытының жұмысшысы:
Әртүрлі трубалар шығады. Көп станоктар автоматтандырылған. Мұнда тек реттеп жіберіп, қарау керек. Жұмысы жеңілірек.
Өңір экономикасы 6 %-ға өскен
Сондай-ақ Мемлекет басшысы өнеркәсіп аймағына арналған киім, түрлі жабдықтар мен тұрмыстық химия бұйымдары қойылған көрмені аралады. Облыс әкімі Президентке есеп берді. Биыл өңір экономикасы 6 пайызға өскен. Өнеркәсіптегі өндіріс 4 пайызға артып, шетелдік инвестиция 175 миллион долларға жетті. Ал қаладағы әуежайды мультимодальды хабқа айналдыру үшін арнайы экономикалық аймақ құрылмақ. Жоба іске асса, 5 мың адам жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ, өңірде бірнеше мәдени орталық ашылады.
Жедел басқару орталығы 2 мыңға жуық қылмысты ашты
Президент жаңадан ашылған жедел басқару орталығында да болды. Өңірде қазір дәл осындай 5 нысан бар.
Абай Жүсіпов, Ақтөбе облысы ПД бастығы:
Бұрын камералар жетіспеушілігі болды. Ескі жедел басқару орталығы болған. Ол тек қала деңгейінде қызмет атқарған. Бүгінгі ашылған жедел басқару орталығымыз бүкіл облысымызды осы жерде шоғырландырып, жедел басқаруға мүмкіндік береді.
Айя Мүтәлі, тілші:
Мұнда қоғамдық тәртіпті бақылау, төтенше жағдайларға жедел әрекет ету шараларын жүргізеді. Орталыққа қосылған мыңнан астам бейнебақылау камерасы жасанды интеллект функциясымен жабдықталған. Яғни, бұл жүйе полиция есебінде тұрған 20 мыңнан астам адамды автоматты түрде танып, қару-жарақ пен басқа да көшедегі құқықбұзушылықтарды бірден анықтап, полицияға хабар береді.
Жедел басқару қызметі 2 мыңға жуық қылмыстықты ашып, жол ережесін бұзған 187 мың жағдайды анықтаған.
Облысқа 674 млрд теңге инвестиция салынған
Жалпы Ақтөбе облысының құрамына 12 аудан, 135 ауылдық округ кіреді. Ал халық саны 950 мыңға жуық. Оның 230 мыңнан астамы ауылды елдімекен тұрғыны. Орташа жалақы 365 мың теңге. Өңір экономикасына салынған инвестиция көлемі де артып келеді. Биыл кәсіпкерлер облысқа 674 млрд теңге қаржы салған.
Айя Мүтәлі