Апта соңында Доха форумына қатысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесті. Сосын бірнеше ірі кәсіпкермен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар «лимонын» соңғы тамшысына дейін сығып алуға серт берген сияқты: Қатар бізге 20 миллиард доллар инвестиция әкеліп, ТОП5 инвестор мемлекет тізіміне енбек» деп жазды экономикалық шолушы Айбар Олжай.
Біздің елдегі ресейлік СБЕР банкті Қатар инвесторлары сатып алып, Береке банк қылғанын білеміз. Сонымен бірге Қатардың Power холдингі Теле2/Алтел ұялы операторының акцияларын жыл аяғына дейін алып бітуі тиіс. Құны кемінде 1 миллиард доллар. Қатар инвесторлары Қашағанда газ өңдеу зауытын, Бейнеу-Бозой газ құбырының екінші тармағын, Қызылорда облысында электр станциясын салуға ниетті екенін еске түсіріп, шолушы осылай деп сипаттап отыр.
2003 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Доха форумы биыл «Диалог, дипломатия және алуантүрлілік» тақырыбына арналды. Мұнда геосаясат, экономикалық даму, жаңа технологиялар, жасанды интеллект, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігі секілді өзекті мәселелер талқыланады, сондай-ақ қазіргі заманның негізгі проблемаларын шешуге бағытталған ұсыныс-пікірлер айтылады.
Тоқталатын деталь: Қ.Тоқаев Newsmaker Interview форматындағы арнайы сессияға қатысып, сессия модераторы СNN журналисі Джулия Чаттерлейдің сұрақтарына жауап берді.
Алдымен БҰҰ-ның тиімді қызметінің маңызы мен орта державалардың уақыт өткен сайын артып келе жатқан рөлі туралы айтқан.
– БҰҰ әмбебап ұйым ретінде адамзат үшін өте қажет. Себебі оның баламасы жоқ. Өкінішке қарай, ірі державалар әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты толық сақтай алмай отыр. Ал бүгінгі ахуал көптеген елді, соның ішінде Қазақстанды да алаңдатады. Сондықтан Біріккен Ұлттар Ұйымы реформалауды қажет етеді. Ірі державалар арасында ымыраластық болуы керек деп санаймыз. Олардың келісімге келе алмауы салдарынан Қауіпсіздік Кеңесі тығырыққа тірелді. Қазақстан сияқты орта державалар аймақтық деңгейде, сондай-ақ жаһандық кеңістікте бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуде өте маңызды рөл атқара алады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге әлемдік саудадағы қайшылықтарға қатысты көзқарасын жеткізді деп хабарлады, Ақорда сайты.
– Менің ойымша, сауда қақтығыстары, соның ішінде тариф қолдану шаралары – оңтайлы шешім емес. Бұл – тым күмәнді саясат. Қазақстан ДСҰ-ға мүше ел ретінде осы маңызды сауда-экономикалық ұйымның барлық нормалары мен ережелерін қатаң сақтайды. Біз кедергілер мен қақтығыстарды қолдамаймыз. Қазақстан әзірге ондай қиындықтарға тап бола қойған жоқ. Өйткені өңірдегі көршілерімізбен және басқа да мемлекеттермен сындарлы әрі өзара тиімді қарым-қатынас ұстанамыз. Сондықтан біздің аймақта осыған ұқсас келеңсіздіктер туындамайды деп ойлаймын. Бұл ретте барлық ірі державаларды мұндай қысым көрсету тетіктерін қолданбауға шақырамыз, – деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сыртқы саясатына, Украина мен Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуге қатысты қойылған сауалдарға жауап берген.