Алматының келер жылғы бюджеті 2 трлн 177 млрд теңге болып бекітілді. Бұл туралы бүгін қалалық мәслихаттың 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылауы барысында мәлім болды. Қазынадағы қаражат қандай салаларға жұмсалады? Қай бағыттарға басымдық беріледі?
Келесі жылы алып шаһарда әлеуметтік салаға 851,9 млрд теңге қарастырылған. Бұл – қала бюджеті шығындарының шамамен 40%-ы. Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту басты назарға алынып отыр.
Сондай-ақ Алматыда экологияға да көп көңіл бөлінбек. Мегаполисті көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына 27 млрд теңге қарастырылған.
Бейбіт Шаханов, қала әкімінің орынбасары:
Келесі жылы қаланы тазалауға қосымша қаражат бөлініп, оның сомасы 10 пайызға өсіп жатыр. Өткен жылдан бастап қала, аулаларды тазалауға кірісті. Ол жерде бізде 35 мердігер жұмыс атқарады.
Оқу-ағарту саласына да басымдық беріледі. 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 14 білім шаңырағы пайдалануға беріледі. Бұл оқушы орындарының тапшылығын 3-4 мың орынға дейін төмендетеді. Жалпы үш жылдық бюджетке сәйкес, 216 мектеп, 12 интернат, 20 колледжді күтіп ұстауға 250 млрд теңге бөлінген.
Сайран Сайфеденов, қалалық білім басқармасының басшысы:
Президенттің тапсырмасына сәйкес, республика бойынша, 1300 мектепті жаңғырту жобасы аясында Алматы қаласында 31 мектеп жаңаратын болады. Бұл 2025-2027 жылдарға қарастырылған. 60-70-жылдары салынған екі қабатты мектептерді толықтай сүріп тастап, орнына заманға сай мектеп салу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ 2025 жылдан бастап Алматыда бұрынғы «Алмалы» сауда орталығының базасында Science Museum Singapore-мен бірлесіп, балаларға арналған ТМД-дағы алғашқы ғылым музейін құру жұмыстары басталады. Бұл мақсатқа шаһар қазынасынан 12,2 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Ернұр Медет