Оңтүстік Кореяда оппозициялық депутаттар президент Юн Сок Ёльға қарсы импичмент процедурасын бастады. Бұл туралы заң жобасы бірнеше сағат бұрын парламентке ұсынылып, дауысқа салынбақ. Егер импичмент қабылданатын болса, Юн қызметін дереу тоқтатып, президент өкілеттігі үкімет басшысының қолына өтеді.
Айта кетсек, сейсенбі күні Юн Сок Ёль елде әскери жағдай жариялап, парламент пен саяси партиялардың қызметіне тыйым салды. Оның мәлімдеуінше, мұндай режим елді «коммунистік күштерден», Солтүстік Кореядан және «мемлекетке қарсы элементтерден» қорғау үшін қажет болған. Дегенмен арада бірнеше сағат өткенде оппозициясы басым парламент бұл шешімге қарсы дауыс беріп, әскери жағдайдың күшін жойды.
Соңғы мәліметке қарағанда, президент кеңсесінің бірнеше кеңесшісі мен қорғаныс министрі отставкаға кеткен. Қазір оппозициялық Демократиялық партия Юнның өзінен де осыны талап етіп отыр.
Пак Чан-Дэ, Корея Демократиялық партиясының лидері:
Әскери жағдай күшін жойса да, ол мемлекетке опасыздық жасады деген айыптан құтыла алмайды. Президент Юнның бұдан былай елді қалыпты түрде басқармайтыны бүкіл халыққа белгілі болды. Сондықтан ол орнынан кетуі керек. Дереу отставкаға кетсін. Бұл – халықтың мандаты.
Арыстан Рысбек