Қызылорда облысында бұқаралық спорт дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында бұқаралық спорт дамып келеді

04.12.2024

Қызылорда облысында бұқаралық спортпен айналысушылардың үлесі 40 пайызға жетті. Соңғы жылдары аймақта спорттық инфрақұрылым қарқынды дамып, биылдың өзінде 11 спорт кешен пайдалануға берілген. Ал өңір футболы үшін серпінді жоба – заманауи стадионның құрылысы.

Жаңа стадионның аумағында құрылыс қарқынды. Құны 20 миллиард теңгеден асатын жобада бірінші кезекте Еуропа футбол қауымдастығының талаптары ескерілген. Қазіргі таңда аренаның астыңғы қабат іргетасы толық қаланып қойды.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Сырдарияның сол жағалауында бой көтеріп жатқан «Қызылорда аренаның» бүгінде екі жағындағы темір тіреуіштері тұрғызылып жатыр. Мұнда 11 мың адам отыратын айнала трибуна болады. Бұл еліміздің тарихындағы халықаралық талаптарға сай келетін үшінші стадион болмақ.

Стадион ағылшындық ареналардың үлгісінде салынып жатыр. Яғни мұнда атлеттердің жүгіру жолағы қаралмаған. Көрермендер жасыл алаңға жақын орналасады. Жалпы аумағы 24 мың шаршы метр болатын стадион ғимаратында басқа да спорт түрлеріне арналған 9 зал болады. Мамандар нысанды келер жылы іске қосамыз деп отыр.

Қуаныш Өтегенов, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

Қаржы мәселесі толықтай шешілген. 2025 жылдың мамыр айында құрылыс жұмыстары аяқталады деп жоспарлануда. Қазіргі таңда нысанда 250-ден астам адам жұмыс істеуде. Өзінің бекітілген жоспарына сәйкес толық жұмыстар жүргізілуде.

Биыл жаңадан ашылған спорт нысандарының бірі заманауи үстел теннисі орталығы. Кешен «Самұрық-Қазына» қорының қаржысына салынған. Мұнда күніне 200 қызылордалық жас келіп, пинг-понг ойынының қыр-сырын меңгеріп жүр.

Мәди Насыр, спортшы:

Мен өскенде Олимпиада чемпионы болғым келеді. Француз Леброн сияқты ойнағым келеді. Маған үстел теннисі ұнайды. Үлкен, кең, жылы.

Қанат Нұрмахан, теннис орталығының директоры:

Үлкен республикалық жарыстар, халықаралық жарыстар қабылдауға біздің мүмкіншілігіміз бар қазіргі таңда. 16 столымыз бар. Бір мезетте 32 спортшы осы залда жаттыға алады. Жарыс кезінде ойнай алады.

Осы орталықта шеберлігін шыңдаған облыстың құрама командасы үстел теннисінен ел чемпионатына аттанды. Мамандар келешекте шет елден жаттықтырушылар шақырып, аймақта олимпиадалық спорт түрін дамытуға ниетті.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу