Елімізде 1,5 мың метр тереңдіктегі алтын мен мыс кен орындары жаңа технологияның көмегімен зерттеледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі айтты. Қанат Шарлапаевтың мәліметінше, мұндай геофизикалық зерттеулер соңғы рет жарты ғасыр бұрын жүргізілген. Жазғытұрым америкалық «Ivanhoe Electric» компаниясымен геологиялық барлау жүргізу туралы келісім жасалған. Нәтижесінде геофизика бойынша әлемдегі көшбасшы компания мыс, алтын және күміс кен орындарын терең зерттеуге бағытталған «Typhoon» технологиясын ұсынды. Енді сол технологияның көмегімен Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймағын қамту көзделіп отыр. Одан бөлек, жаңа перспективалық аумақтарды анықтау жұмыстары да жүргізіледі. Министр жер қойнауын пайдалану және геология салаларын автоматтандыру мақсатында бірыңғай платформа құрылатынын мәлімдеді.
Оңғар Алпысбай