Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдер бүгін тәжік-ауған шекарасын нығайту туралы келісімге келді. Қазақстан ұйымға төраға ретіндегі жұмысын осылай қорытындылады. Астанада бас қосқан Мемлекет басшылары тағы бірқатар маңызды құжатқа қол қойды.
Саммит өтіп жатқан Тәуелсіздік сарайының маңында бүгін қауіпсіздік шаралары барынша күшейтілген. Қала қозғалысы шектелді. Бұл көшеден арнайы рұқсатсыз бірде бір жан өте алмайды. Қару асынған сақшылар, сақ құлақ иттер, өрт қызметі – түгел бұл маңды күзетіп жүр. Өйткені, 5 елден келген мәртебелі мейманның қауіпсіздігі басты назарда.
Алқалы жиынға ұйымға мүше Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан басшылары жиналды. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен әріптестерін кезек-кезек қарсы алды. Қол алысып, естелік суретке түсті.
Бұдан соң, ел басшылары оңаша кеңесті. Президент сессияны өзі ашып, құрылымды Еуразия құрлығындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін бірегей алаңға айналғанын атап өтті. Ұжымға қатысты қалыптасқан кереғар пікірге қатысты өз ойын білдірді.
Президент: ҰҚШҰ – әскери серіктестік емес, аумақтық тұтастықты қорғауға арналған алаң
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ұйым қазіргі сын-қатерлер жағдайында ұйымға мүше барлық елдер үшін қауіпсіздік кепілі ретінде өзінің қажет екенін көрсетіп отыр. Біздің үйлесімді әрекеттеріміз, өзара сенім мен қолдауымыз ең қиын әрі ауқымды міндеттерді шешу жолындағы ұжымдық қабілетімізді нығайтады. Бұл жай ғана әскери серіктестік емес, мемлекеттеріміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы күш-жігеріміз бен ресурстарымызды біріктіретін бірегей механизм екенін атап өткен ләзім.
Қазақстан ҰҚШҰ төраға ретінде 60-қа жуық халықаралық шара өткізді
Биыл Қазақстан осы ұйымға төрағалық етті. Саммиттің Астанада өтуі де содан. Оның аясында биыл еліміз 60-қа жуық шара ұйымдастырды. Жауапты міндетті Қазақстан толығымен орындады,- деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл кездесу ұжымдық қауіпсіздікке төнетін қауіп-қатерге қарсы жұмыла әрекет етуге дайын екенімізді тағы да растады. Пікірталас барысында халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер бойынша ұстанымдарымызды жеткіздік. Біздің қазіргі жағдайға ортақ бағамыз және ҰҚШҰ-ның одан әрі дамуына көзқарасымыз Қазақстанның бастамасымен әзірленген Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясында көрініс тапты.
Иә, ұйымның негізгі міндеті өзара әскери ынтымақтастық орнатып, қауіпті бірлесе еңсеру. Ал қазіргі шиеленіске геосаяси жағдайда күш біріктіру аса қажет. Әсіресе, Ресей мен Украинадағы қақтығыс, қырғыз-тәжік шекарасындағы кикілжің басылар емес. Ауғанстандағы ахуал да алаңдатады. Десе де, Қазақстан ұстанымы белгілі. Бейбіт жолға үндеу.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан мен ҰҚШҰ-ға мүше басқа да елдер аумағында бір уақытта «Наемник», «Канал», «Нелегал» және «ПРОКСИ» секілді арнайы операциялардың түрлі кезеңдері өтті. Бұл іс-шаралар халықаралық терроризмге, есірткі саудасына, заңсыз көші-қонға және ақпараттық ортадағы сын-қатерлерге қатысты қауіптің алдын алуды көздейді. Биыл біздің бастамамызбен алғаш рет заңсыз қару-жарақ, оқ-дәрі айналымына және ұйымдасқан трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде консультациялар өтті.
Бұл жолғы саммитке Армения мемлекеті қатыспады. Бұған қатысты ұйым хатшысы былай деді.
Иманғали Тасмағамбетов, ҰҚШҰ бас хатшысы:
Армения қазір ұйым жұмысына қатысудан үзіліс алды. Бұл егеменді ел тәуелсіз мемлекеттің шешімі. Оған еш мемлекет не ұйым әсер ете алмайды. Дегенмен Армения қашанда біздің одақтасымыз болып қала бермек. Біз алдағы уақытта арменияның ұйым жұмысына толыққанды қатысатынына сенім артамыз.
Қауіпсіздік кеңесінің келесі сессиясы Бішкекте өтеді
Қауіпсіздік кеңесінің келесі сессиясы енді Бішкекте өтеді. Төрағалық міндеттін алған Қырғызстан алдағы жылы атқарылуы тиіс басым бағыттарды атады. Садыр Жапаров Киберқауіпсіздік бойынша халықаралық конференция өткізбек.
Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының президенті:
Келесі жылы Қырғыз Республикасының ұйымға төрағалық етуі - біз үшін үлкен мәртебе. Осы құрметті миссияны қабылдауға дайын екенімді білдіремін. Қырғызстан төраға ретінде ұйымымыздың үдемелі дамуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсайды
Айя Мүтәлі, тілші:
Осылайша, Астанада өткен саммит қорытындысы бойынша мемлекет басшылары Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясын қабылдады. Бірқатар маңызды құжатқа қол қойды. Соның бірі - тәжік-ауған шекарасын нығайту туралы келісім. Сондай-ақ, тараптар келесі жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту бойынша арнайы бағдарлама бекітті.
Айя Мүтәлі