Елімізде доллар бағасы тағы өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде доллар бағасы тағы өсті

28.11.2024

Ұлттық банктің 28 қарашаға арналған ресми бағамы бойынша 1 доллар - 499 теңге. Алайда, Алматыдағы ақша айырбастау орындарында 1 доллар 513-519 теңге аралығында саудаланып жатыр.

Керісінше, рубль арзандаған. Экономистер бұл инфляция деңгейін көтеріп, ақшаның құнсыздануына алып келеді деген пікірде. Сонымен қатар, импортқа тәуелді тауар бағасы да қымбаттайды. Сондықтан, ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бірінші оның себептері мен салдарын анықтау керек, - дейді сала маманы. Экономист пікіріне құлақ түрсек.

Ғалымжан Есқараұлы, экономист:

Негізгі себептері ретінде біз отандық өнімге баса назар аударуымыз керек. Яғни, импорттық өнімдерге қарағанда экспорт өнімдері басым болуы керек. Екіншіден, Қазақстанның ішкі жүйесінде ақша айналымы көбірек айналуы керек. Сонда бұл ұлттық валютаның тұрақтылығын сақтауға алып келеді.

Ұлттық банк маңызды мәлімдеме жасады

Доллардың неге күрт қымбаттағанын ұлттық банк түсіндіріп, мәлімдеме жасады. Онда төл ақшамыздың сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен құнсызданып жатқаны айтылған. Ол қатарда әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі, доллардың жаһандық нығаюы және мұнай бағасының тұрақсыздығы секілді т.б факторлар бар. Бұдан бөлек, санкциялар салдарынан әлсіреген рубль де теңгеге әсер еткен. Ол аздай ел ішінде шетел валютасына сұраныс артқан. Ұлттық Банк теңге бағамының тұрақтылығы мне валюта нарығының қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін валюталық интервенциялар жүргізуді жалғастыруға дайын екенін жеткізді.


Хабарламаларға жазылу