Сібір жарасы анықталған Батыс Қазақстан облысындағы Қошанкөл ауылының тұрғындары індеттен аман - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сібір жарасы анықталған Батыс Қазақстан облысындағы Қошанкөл ауылының тұрғындары індеттен аман

27.11.2024

Сібір жарасы анықталған Батыс Қазақстан облысындағы Қошанкөл ауылының тұрғындары індеттен аман. Ауру жұқтырған бір адам қалаға жеткізіліп, қазір ауруханада ем алып жатыр. Ал, эпизоотиялық ошақта 18 күн карантин жарияланып, жағдай тұрақталған соң күні кеше шектеу алынды. Өңірдегі ахуал жайлы Ардақ Мұратқызы.

Ауру ошағы Казталов ауданы Қошанкөл ауылдық округі Ордабай ауылынан шықты. Сиырдан сынама алынып, зертханалық тексеру нәтижесінде Сібір жарасының жұқпасы анықталды. Ауылдағы үй-жай карантинге қойылды.

Абзал Брәлиев, Облыстық ветеринария басқармасының басшысы:

Індет ошағын жою бағытында ветеринариялық-санитариялық іс-шаралар жүргізілді. 22 қараша күні қорытынды дезинфекциялық іс-шара жүргізілді. 26 қараша күні карантин толық тоқтатылды. Қазіргі таңда жағдай тұрақты бақылауда. Ешқандай Сібір жарасы ауруына қорқыныш жоқ дегім келеді.

Ал мал сойғанда ауру жұқтырып алған науқас қалада ем алып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы бірқалыпты. Облыста мұндай жағдай соңғы рет он жыл бұрын Жәнібек ауданында тіркелген.

Нұрлыбек Мұстаев, Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:

Нақты диагноз қойылғаннан бастап, медицина, ветеринария қызметкерлерімен бірлесіп, толық эпидемияға қарсы бірлескен шаралар жүргізілген болатын. Науқаспен қарым-қатынаста болған азаматтар анықталып, барлығы да медициналық бақылауда, антибиотик терапия жүргізілді. Қазір науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында толығымен ем алуда.

Өңірде 222 Сібір жарасының ошағы бар. Солардың тек 132-сі бетондалған. Ал, көктемгі су тасқынында Сырым, Қаратөбе, Теректі аудандарындағы үш Сібір жарасы көміндісі мен бес мал қорымы су астында қалды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Қаланың қақ ортасындағы мына Сібір жарасы көміндісін де көктемде су басты. Ауру мал көмілген орын тәлімбақтың аумағына еніп кеткен. Не дербес қоршауы, не ескерту жазуы жоқ. Қазір кәсіпкер құзырлы органдармен соттасып жатыр.

Эпидемиолог мамандар су басқан ошақтарда топырақ пен судан сынама алып, тексеру жүргізген. Айтуларынша, қауіп жоқ, өңірде эпидемиологиялық жағдай тұрақты.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу