Башқұртстанда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Башқұртстанда Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық форумы басталды

26.11.2024

Ресейдің Уфа қаласында Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумы басталды. Алғашқы күні екі елдің жас көшбасшылары тәжірибе алмасып, ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Екі күн бойы екі елдің өңіраралық байланыстары мен өнеркәсіптік кооперация мүмкіндіктерін кеңейту тақырыбында талқылаулар өтпек.

Наурызбек Сарбасов ауылда кәсібін өрге домалатып, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырған жастардың бірі. Форумға бірінші рет қатысуда. «Өйткені бұл алаң – озық идея мен тың бастамаларға толы», - дейді ол.

Наурызбек Сарбасов, кәсіпкер:

Елімізде өзіміздің аудан кәсіпкерлерін, жалпы ауыл кәсіпкерлерін дамытып, оларға көптеп көңіл бөлініп жатыр. Оған мемлекет тарапынан бөлініп жатқан гранттар дәлел. Маған қызығы - осы Ресей елінде де аудандағы, ауылдағы кәсіпкерлікті қалай қолдайды және оларға қандай мүмкіндіктер жасалып жатыр, осы жағынан өзімізге тәжірибе алып, тәжірибе алмасқымыз келеді.

Бүгін қайраттары қажымаған, жігерлері жасымаған, мұраттары мұқалмаған жастар жиналды, тәжірибе алмасты. Әрине бұл орайда Қазақстанда жас кәсіпкерлерге жасалып отырған мүмкіндік көп.

Әнел Уатханова, кәсіпкер:

Қазақстанда кәсіпкерлерге, жас кәсіпкерлерге өте жақсы қолдау көрсетіледі. Өйткені бізде жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында әртүрлі жобалар, тәжірибе алу мақсатында кәсіп деген не деген тақырыпта толық түсіндіріп беретін апталық, бір айлық курстар ұсынылған болатын. Бұл менің ойымша, кәсібін бастайын деп жатқан әрбір кәсіпкерге жақсы мүмкіндік.

130-дан астам жас көсшбасшы форум алаңында ынтымақтастық мәселелерін талқыламақ. Ал Башқұртстан республикасының басшысы Қазақстан қашан да Ресей үшін де, Башқұртстан үшін де стратегиялық әріптес болып қала беретінін тілге тиек етті.

Радий Хабиров, Башқұртстан Республикасының басшысы:

Біз Қазақстанмен әріптестік көкжиегін кеңейту үшін барымызды салып, көңіл бөлеміз. Біздің республикада көптеген қазақ кәсіпкерлері бірлескен кәсіпорын ашты. Ешқашан алыс-беріс үзілген емес.

Форум екі күнге жалғасады. Оның аясында екі елдің экономикасына тиімді жобаларға қол қойылып, құжаттар бекітілмек.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу