Доллардың қымбаттауының себебі неде? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Доллардың қымбаттауының себебі неде?

24.11.2024

Аптада 1 доллардың құны 500 теңгеден асты. Аптаның екінші жартысында сәл-пәл төмендеді. Бүгінгі курс сол 500 теңгеге жете-қабыл. Жоғары атқарушы биліктің экономикалық блогының шенділері «теңге құнсызданып жатқан жоқ, басқа валюталарға қарағанда доллар позициясы нығайып жатыр» деген сияқты комментарий береді.

Одан соң мұнай бағасының төмендеуін айтады. Ал күлбелтелемелей турасын айтсақ, себеп экономикалық құрылымға барып тіреледі. Сатып алатын дүниеміз өте көп.

Доллардың қымбаттауы жалпы қымбатшылыққа апарады. Мысалы, азық-түлік бағасының көтерілуіне. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше төрт аптаның ішінде кәдімгі ақ жуаның бағасы 12,4 процентке бір-ақ өскен. Қалалар бойынша қарасақ, Павлодарда тіпті 16 проценттен асып кеткен.

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев журналистерге әлеуметтік маңызы жоғары тауарлардың бағасы анау айтқандай өспейді депті. Ал нақты мысалға неге екені түсініксіз, тұрмыстық техника, оның ішінде айфонды келтірген.

«Министрдің міндеті айфон бағасын түсіру емес» деген. Журналистер әңгіме айфон емес, азық-түлік туралы екенін айтқан. Ал министр «Долларға сатып алынатын тауарлардың бағасы өзгереді, қандай пропорцияда, бұл енді сұрақ» деп тағы орағыта жауап берген...

Жайна Сламбек

Хабарламаларға жазылу