Өзбекстан жыртқыш аңдардың циркте өнер көрсетіп, қойылымдарға қатысуына тыйым салмақ. Ел үкіметінің қаулысына сай, келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап жабайы жануарларды мемлекеттік және көшпелі цирктерде ұстауға рұқсат жоқ. Хайуанаттар енді қайда жіберіледі, көрші ел билігі мұндай қадамға не үшін барып отыр.
Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, жабайы аңдардың көшпелі цирктерде өте ауыр жағдайда өмір сүретіні, үйретушілердің оларға қатігездік танытатыны жайлы дерек көп. Ойын тамашалуға барған баланы немесе ересек адамды жыртқыштың жарақаттаған кездері де аз емес. Бұл өте қынжыларлық жағдай, дейді эколог маман.
Александр Казаков, Экология және қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бас маманы:
Әлемнің көптеген елдері жабайы жануарларды циркте немесе зообақта ұстау тәжірибесінен бас тартып жатыр. Мәселен, Үндістан билігі 2009 жылы ойыншы пілдердің барлығын табиғатқа жіберу туралы шешім қабылдаған. Бұл бір ғана мысал, мұндай мемлекеттер қатары жыл санап артуда.
Бүгінде цирктің немесе жеке тұлғаның иелігінде болуына тыйым салынған аң-құстың тізімі жасалған. Олардың қатарына аю, арыстан, жолбарыс, қасқыр, жылан мен маймыл секілді хайуанаттар, жыртқыш құстар кіреді. Бұған дейін циркте өнер көрсеткен жануарлар енді бірер айдан соң зообақтар мен арнайы питомниктерге табыстала бастайды.
Махмуд Кузибаев, Ташкент зообағының бас ветеринар-дәрігері:
Бізге келген аң- құс алдымен карантин бөлімінде болады. Мұнда арнайы зертхана бар, оларды толықтай бақылаудан өткіземіз. Ғимарат жаңа әрі қажетті құрылғылармен жабдықталған. Жарақат алған немеcе ауырып қалған жануарды емдеп, хирургиялық ота жасауға да мүмкіндік бар
Хаким Самигов, Ташкент зообағының бөлім басшысы:
Ташкент хайуанаттар бағының құрылғанына бір ғасырдан асты. 22 гектардай аумақты алып жатыр. Мұндағы аң құстың жалпы саны он мыңнан асады. Арасында әлемде сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген жан жануарлар да бар.
Жеке азаматтың немесе цирктің иелігіндегі жабайы жануарды мемлекет ақысын төлеп сатып алады. Оларды әрі қарай асырап бағуға қазынадан қаражат бөлінбек. Үкімет бекіткен тізімдегі жыртқыш аңдарды хайуанаттар бағына немесе питомниктерге тапсыру 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқталуы тиіс. Кей жағдайда аң-құстар табиғи ортаға жіберілуі де мүмкін. Ал Өзбекстанға шетелден жеткізілген флора немесе фауна түрі өз еліне қайтарылады.
Базаркүл Отыншиева